Қазақстан командасының фристайл-могул шебері Анастасия Городко Италияның Турин қаласында өтіп жатқан Универсиадада алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

Финалда қазақстандық спортшы 79.79 ұпай жинап, бірінші орынды иеленді. Екінші орынды жапондық Харука Накао (76.29 ұпай), ал үшінші орынды неміс спортшысы Ханна Весс (75.04 ұпай) жеңіп алды.

Қазақстанның тағы бір өкілі Аяулым Әмренова 70.52 ұпаймен бесінші нәтиже көрсетті.

19 жастағы Городко Қазақстанға 2025 жылғы Универсиаданың алғашқы алтын медалін сыйлады.

Анастасия Городко – үш дүркін әлем чемпионы. 2022 жылы ол параллель могулда алтын медаль жеңіп алса, 2024 жылы могулда бірінші орынға ие болды. Биыл Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында параллель могулда алтын медаль еншілеген.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында жоғары оқу орындарының студенттері арасында ХХХІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада өтеді.

Бұл жарысқа әлемнің 57 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысып, спорттың 11 түрінен 90 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан құрамасы 10 спорт түрінен (биатлон, шаңғы жарысы, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей (ерлер, әйелдер), парашаңғы жарысы, тау шаңғысы жарысы, шорт-трек) 103 спортшымен ел намысын қорғайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!