сурет: pixabay.com
Қазақстанда Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) жаңа турнирі өтеді, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2026 жылдың наурыз және сәуір айларында өтетін FIFA Series жаңа халықаралық турнирдің жобасын ресми түрде жариялады. Бұл жоба әлемнің әр түрлі құрлықтарындағы ерлер және әйелдер құрамаларын бір алаңға жинап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Турнирдің басты мақсаты – ұлттық құрамаларға басқа конфедерация командаларымен ойнауға жағдай жасап, футбол мәдениеттерін жақындастыру. FIFA Series алғаш рет 2024 жылы пилоттық форматта өткен болатын. Ал 2026 жылы турнир толық көлемде ұйымдастырылып, алғаш рет әйелдер құрамаларын да қамтиды.
ФИФА президенті Джанни Инфантино бұл жобаның маңызды екенін атап өтті.
«FIFA Series футболшылардың, жаттықтырушылардың және жанкүйерлердің әлеуетін ашуға бағытталған. Әр түрлі елдерді бір алаңда тоғыстырып, футболдың алуан түрлілігін көрсету – басты мақсатымыз. 2026 жылғы турнир ерлер мен әйелдер футболының дамуына қосымша серпін бермек», – деді ол.
Қазақстан FIFA Series 2026 турнирін қабылдайтын алғашқы елдердің қатарына енді. Сонымен қатар Аустралия, Әзербайжан, Индонезия, Маврикий, Пуэрто-Рико, Руанда және Өзбекстан да матчтар өткізеді. Әйелдер құрамаларының ойындары Бразилия, Кот-д’Ивуар мен Таиландта өтеді.
Қазір ФИФА басқа да ұлттық қауымдастықтармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Турнирге қатысатын барлық елдің толық тізімі 2026 жылдың басында жарияланады.
Әр топта түрлі құрлықтан төрт команда болады. Әр құрама екі ойыннан өткізеді. Бұл күнтізбедегі матч санын көбейтпеуге мүмкіндік береді. Осының арқасында халықаралық кездесулердің сапасын арттыруды көздейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!