Қазақстанда киберспорт дамуы екі мыңыншы жылдарда басталды және аталған индустрия «андеграунд» саласында ғана, яғни ойыншылардың, ынтагер-инвесторлардың және шағын компьютерлік клубтардың қаражаты есебінен ғана әрекет етті. Қазақстандық киберспорттың негізін жергілікті кәсіпкер Мұрат «Arbalet» Жұмашұлы қалады.

Ол әлі толық қалыптаспаған саланың келешегінен үміттеніп, «K23» деп аталатын ұйым құрды. Кәсіпкер халықаралық брендке айналған Natus Vincere брендінің дамуына да өз үлесін қосты. Дәл сол жылдары киберспорттың әлемінде Дәурен «Adren» Қыстаубаев, Рүстем «mou» Телепов және Евгений «dreaM» Богатырев сияқты қазақстандықтар пайда болды.

2002 жылы StarCraft: Brood War әлем чемпионатында Қазақстанның құрама командасы екінші орын алып, отандастарымыз халықаралық аренада алғашқы табысына қол жеткізді. Бір жылдан кейін өткен әлем чемпионатында күміс жүлде ұтып алды. 2005 жылы қазақстандықтар жаңа ғана қалыптасқан киберспорт әлемін тағы да таңғалдырды. Жас «K23» ұжымы сенсация жасап, Сингапурде өткен Counter-Strike: Source әлем чемпионатының финалына шықты. 2009 жылы Қазақстанның «OS|oNe» командасы Шығыс Еуропада өткен DTS-Cup-2009 аса ірі жарысының Dota 2 дисциплинасында жеңіске жетті.

Қазақстандықтардың eSports саласындағы ең жоғары жетістігі 2017 жылы өткен «На мажоре» жарысында (ескертпе: Counter-Strike: Global Offensive әлем чемпионаты) болды. Бұл жарыста Абай «Hobbit» Хасенов, Рүстем «mou» Телепов және Дәурен «Adren» Қыстаубаев есімді жігіттер Gambit Esports ресейлік ұйымының құрамында әлемнің үздік командаларын жеңіп шықты. Сол кезде Gambit командасы Қазақстан үшін рекордтық жүлдені, яғни жарты миллион АҚШ долларын ұтып алды. Осыдан кейін Қазақстан киберспорттың әлемдік картасында өз туын түбегейлі тікті. Біздің ойыншыларымыз туралы әлемдік БАҚ жаза бастады, бірақ бұдан да маңызды жайт, ел ішінде киберспортқа деген қызығушылықтың артуына серпін берді. Бүгінгі таңда қазақстандық киберспортшылар сапа белгісі болып есептеледі және олар бүкіл әлем бойынша, әртүрлі құрамда, әртүрлі дисциплинада ойнап жүріп, әртүрлі рейтингте жиі көрінеді. Мысалы, Konina Power ұжымы PUBG: Mobile бойынша әлемдегі ең мықты командалардың бірі саналады. Биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстаннан келген ұжым PUBG Mobile бойынша әлем чемпионатында Топ-6 командалардың қатарына кірді. Мысалы, Даниял «XsVamp1re» Әлібаев Dota 2 бойынша әлемдік ойыншылардың Топ-100-дігінің қатарына кіреді.

Алайда қазақстандықтардың шетелдердегі жетістіктері ел ішіндегі киберспорт Дания немесе Швеция елдеріндегідей деңгейде дамыған дегенді білдірмейді. Жергілікті киберспорттың дамуындағы елеулі оқиға деп, біріншіден, Қазақстан Киберспорт федерациясының (QCF) құрылып, қалыптасуын айтуға болады, ол осы индустриядағы көшбасшы елдердің тәжірибесіне сәйкес әуесқой деңгейден кәсіпқой деңгейге дейінгі турнирлерді өткізу үшін жауап беретін оператор болып есептелді. Федерация 2017 жылы құрылды, ал келесі жылдың жазында, жаңа ұйымның тиімді жұмысының, сондай-ақ қазақстандықтардың әлемдік аренадағы жетістіктерінің нәтижесінде Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының 2018 жылғы 25 маусымдағы бұйрығымен киберспорт ресми түрде мойындалып, спорт түрлерінің тізіміне енгізілді.

«Жаңа әрі технологиялық бағыттың дамуына эксперимент ретінде қарауға болмайды, себебі киберспорт айтарлықтай күрделі спорт түрі саналады және оны кейде тіпті классикалық спорт түрлерінен де күрделі деуге болады. Сондықтан Федерацияны қалыптастырмас бұрын біз әлемдік киберспорт нарығына, сондай-ақ жекелеген елдердің АҚШ-тан бастап, Еуропаның дамыған елдерінің, Қытай мен Кореяның киберспорт нарығына талдау жүргіздік. Біз инфрақұрылымды нөлден бастап құру тәжірибесін, жарыс нормалары мен талаптарын қалыптастыру үдерісін зерделедік, кәсіптік киберспортшыларды тарттық. Небәрі үш жыл ішінде біз 15-тен артық кибердисциплина бойынша ішкі жарыстар желісін құрастырдық. Егер турнирлік инфрақұрылымды құрастыруға кіріскен 2019 жылдың тоғыз айы ішінде елімізде небәрі 38 жарыс өткізілсе, өткен жылы қазақстандықтар 268 турнирге онлайн қатысуға мүмкіндік алды. Биыл жеті айы ішінде елімізде киберспорттан 129 турнир өтті, соның ішінде алғашқы Ұлттық кубогымыз да бар», дейді Қазақстан Киберспорт федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.

Pinger.Pro ұлттық платформасының деректеріне сәйкес бүгінгі таңда әртүрлі деңгейдегі киберспортшыларымыздың жалпы саны 142 мың адамды құрайды. Платформаға осынша адам тіркелген, сондай-ақ турнирлерге қатысқан. «Біздің платформамыздағы жаңа пайдаланушылардың саны жыл сайын ондаған мың адамға ұлғаюда. Мысалы, 2020 жылғы өсім 96,9 мың адамды құрады, ал жүлде қорының жалпы көлемі шамамен 126 млн теңгеге жетті», дейді Pro бас директоры Бауыржан Садиев.

Киберспорт саласының дамуын кідіртетін факторлардың қатарына әлеуметтік факторды жатқызуға болады, себебі халықтың консервативтік бөлігінің пікірінше, киберспорт бұрынғысынша гейминг болып қалуда, ал киберспортшы спортшы емес, ойынқұмар деп есептеледі. Алайда шын мәнісінде жағдай мүлдем басқаша. Киберспорт федерациясы да осы бағытта жұмыстар жүргізуде және аталған спорт түрінің құндылықтарын дәріптеу қажет деп есептейді. Мысалы, биыл көктемде Қазақстанда республикалық деңгейдегі 1xbet Qazaqstan Respublikasynyŋ Kubogi киберспорттық турнирі өтті, жүлде қоры 1,5 млн теңгені құрады. Бұл тұрғыда жүлде қоры маңызды емес, себебі ол үнемі ұлғая түседі (мысалы, жазғы кубоктың жүлде қоры 3,5 млн теңгені құрады). Маңыздысы – турнирдегі жеңісі үшін қазақстандық киберспортшылар ресми спорттық разрядтармен – спорт шеберлігінен үміткер және спорт шебері разрядтарымен алғаш рет марапатталды.

«Мұндай спорт разряды – сіздің ұлыңыздың немесе қызыңыздың жай ғана ойын ойнап жүрмегенінің, шынымен де ұлтымыздың мақтанышына айналатынының ресми дәлелі. Бүгінгі таңда киберспорт – өскелең ұрпақ үшін нағыз әлеуметтік жеделсаты», дейді QCF атқарушы директоры Қазбек Жанғазиев.

Жұртшылықтың киберспортқа деген сенімін арттырудың тағы бір әдісі – киберспортшылар үшін турнирлер ұйымдастыру. Мысалы, биыл маусым айында Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлерге арналған арнайы QAZAQSTAN QYZMET CUP турнирі өтті. Онда FIFA 2021 дисциплинасы бойынша министрліктерден бастап, құқық қорғау органдарына дейінгі әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері жарысты. Бұл іс-шара киберспорттан айтарлықтай қашық адамдардың өзі өздерін осы спорт түрінде сынай алатынын, ең бастысы,  жарыстық рухты тәрбиелейтінін көрсетті.

Алда Парижде өтетін Олимпия ойындарында киберспорт жаңа дисциплиналардың қатарына енуі мүмкін деген әңгіме бар және мұның жай ғана әңгіме болмауы әбден мүмкін…