KAZINFORM — Албания астанасы Тиранада грек-рим күресінен 67 келі салмақта өнер көрсеткен Мейіржан Шермаханбет Muhamet Malo рейтингілік турнирінде жеңімпаз атанды. Қазақстандық балуан жарысты ірі жеңіспен бастап, алғашқы белдесуінде эквадорлық Андрес Арройоны 9:0 есебімен ұтты.
Келесі кезеңде әзірбайжандық Махаммад Шукурзадені 4:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға өтті.
Жартылай финалда грузиялық Джони Хетсурианиден 3:1 есебімен басым түсті.
Финалдық белдесуде Мейіржан тағы бір грузиялық Диего Чхиквадзені 5:1 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, 2018 жылы әлем чемпионатында қола алып, 2022 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған Мейіржан Шермаханбет Тиранадағы рейтингілік турнирде үздік шықты.
Тағы бір қазақстандық Ернұр Фидахметов 63 келі салмақта қола жүлдеге ие болды. Ол үшінші орын үшін белдесуде ирандық Али Нураиден 6:3 есебімен айласын асырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
