Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Қазақстандық жас шахматшылар Италияда өткен әлем чемпионатында топ жарып, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін Италияның Монтесильвано қаласында шахматтан кадеттер арасында (U8-U12) әлем чемпионаты аяқталып, жас шахматшыларымыз ерекше жеңісімен көзге түсті. 10 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлемнің үздік 100 шахматшысы бақ сынасып, Аланна Берікқызы әлем чемпионы атанды. Ол 11 турдың нәтижесінде 9,5 балл жинады. Аланна Берікқызы былтыр Грекияның Родос қаласында 9 жасқа дейінгі санатта классикалық шахматтан әлем чемпионы атанған. Ұлдар арасында (U12) Марк Смирнов ең көп ұпай жинап, бас жүлдеге қол жеткізді. Оның еншісінде 11 турдан кейін 10 ұпай бар. Тағы бір отандасымыз Ханзада Аманжол 12 жасқа дейінгі санатта күміс жүлдегер атанды. Жалпы командалық есепте Қазақстан командасы 2 алтын, 1 күміс жүлденің арқасында 1-орын алса, Қытай шахматшылары 2-орынға (2 алтын, 1 қола) сатыға тұрақтады. Ал үздік үштікті Үндістан 1 алтын, 1 қола медальмен түйіндеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!