Қазақ спортының тарихында ел намысын тамған тердің, тынымсыз еңбектің арқасында қорғаған саңлақтар саны аз емес. Сол намыстың жүгін арқалаған сайып қыранның бірі – Айдос Сұлтанғали. Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатында ол 60 келіге дейінгі салмақта қарсыласын қапы қалдырып, финалда өзбек балуаны Алишер Ганиевті 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Бұл жеңіс сырбойлықтардың ғана емес, күллі қазақтың мерейін үстем еткені анық.
Айдостың жетістігі қазақ жанкүйерлерінің талай жылдан бергі арманын орындады. Соңғы рет әлем чемпионатында алтын медальды 1998 жылы қазақстандық балуан Бахтияр Байсеитов иеленген еді. Міне, араға 27 жыл салып, қазақ еліне сол жеңісті Сырдың перзенті әкеліп отыр. Айдос – XXI ғасырдағы Қазақтанның алғашқы чемпионы.
– Айдос Сұлтанғалиды Әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін! – деп құттықтады Мемлекет Басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев.
Айдос Сұлтанғалиұлы 1996 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Сыр өңірі ежелден талай сайыпқыранды тәрбиелеп шығарған қасиетті топырақ. Күрес десе делебесі қозатын бұл өлкеде Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары өмірге келген. Осындай ел мақтаныштарының қатарында грек-рим күресінің майталманы Айдос Сұлтанғали да бар.
Мектеп жасынан грек-рим күресіне ден қойған Айдос Солтүстік Қазақстандағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде алғашқы үлкен қадамдарын жасады. Азия чемпионаттарында жүлделі орынға ие болып, халықаралық турнирлерде ел намысын қорғады.
Бұл жетістіктер – тек жеке табыс емес, Сыр спорты мектебінің, жаттықтырушылар һәм әке мен ана үкілеген үміттің жемісі.
– Мен ұлымның жеңіске жететініне сендім. Қазір барынша шынығып, тәжірибе жинаған кезеңі ғой. Десе де барған балуандардың бәрі «сен тұр, мен атайындар». Жүректің түкпірінде күдік те болды, алайда үміт пен сенім қатар тұрды. Ұлымды әр сапарға әуежайға дейін ақ батамен шығарып саламын. Ал үйге келген соң, күн-түні тілеуін тілеймін, – дейді чемпион Айдостың әкесі Сұлтанғали Кеулімжаев.
Оның спорттағы табандылығы жастарға өнеге. Айдос қарапайым отбасынан шыққанымен, арман жолында ешқашан жаутаңдаған емес. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын меңгеріп, білім мен спортты ұштастырды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атанып, ұлттық құраманың негізгі мүшесі болды.
Айдостың бір атанға жүк болардай жетістіктері бар. Ол 2012 жылы кадеттер арасындағы Азия чемпионатының күмісін, 2013 жылы алтын медалін олжалады. 2016 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанса, 2017 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. 2018 және 2022 жылдары ересектер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері болды. 2021 жылы Алматыдағы Азия чемпионатында, 2024 жылы Бішкек лицензиялық турнирінде жеңіске жетіп, Париж Олимпиадасына жолдама алды.
Загребтегі жеңіс – Айдостың спорттық ғұмырындағы ең биік шыңдардың бірі десек болады. 9:0 есебі оның техникалық шеберлігін ғана емес, рухының мықтылығын да дәлелдеді. Айдос тек чемпион ғана емес, жастарға табандылықтың, арманға адалдықтың үлгісін көрсететін тұлға.
– Менің мақсатым – қазақ елін қуанту болды. Одан басқа қалауым болмады. Рингке шыққаннан кейін қасым да, құлағым да жарақат алды. Бірақ алтын алып келуім керек болды. Бокстан чемпиондар шығып жатыр, жақында еркін күрестен де жүлделі болды. Грек-рим күресінен де серпін бар екенін осылай көрсетуге әдемі мүмкіндік туды. Оны жіберіп алу қателік болар еді. Бұйырса, бұл жеңісім спортты сүйген жастарға үлгі болып, арамыздан тағы да бірнеше әлем чемпионы шығады деп үміттенімін, – дейді ел чемпионы Айдос.
Қызылорда облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми мәліметінше, бүгінде аймақта жалпы саны 1490 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш өңірдің әрбір мың тұрғынына шаққанда спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейін 46,2%-ға жеткізіп отыр. Мамандардың айтуынша, кейінгі жылдары салаға бағытталған мемлекеттік қолдау мен жергілікті бастамалардың арқасында бұқаралық спортқа деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Нәтижесінде, тек биылдың өзінде ғана 342 мыңнан астам қызылордалық, яғни облыс халқының 40,4%-ы спортпен жүйелі түрде айналысып жүр. Бұл – халық денсаулығына жасалған үлкен инвестицияның нақты жемісі.
Бүгінде аймақта 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мұнда спорттың 46 түрі қамтылған. Әр мектепте білікті 670 жаттықтырушы-оқытушы жас буынды спортқа баулып, 22655 спортшыны тұрақты оқу-жаттығу процесімен қамтамасыз етуде. Бұл – Айдос секілді болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашатын мықты база.
Кейінгі жылдары Сыр өңірінің спорт саласындағы жетістіктері де көңіл қуантады. Жергілікті спортшылар халықаралық ареналарда да өзін танытып жүр. Атап айтқанда, жуырда олар Әлем кубогында 2 алтын, Азия чемпионатында 1 күміс жүлде иеленді. Бұдан бөлек, соңғы статистика мәліметі бойынша, Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында қызылордалықтар 67 алтын, 27 күміс, 34 қола медальді қанжығасына байлаған. Бұл жетістіктер өңір спортының қарқынын көрсетіп қана қоймай, жас ұрпаққа үлгі болып отыр.
Сыр елі спортының даңқын көкке көтерген Айдос Сұлтанғали – ел мақтанышы. Оның жетістігі жасөспірімдерге шабыт беріп, Қызылордадан шығатын болашақ чемпиондарға жол ашарына бек сенеміз.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!