Гандболдан қызылордалық

арулардың бәсі биік. Ел чемпионатында бақ сынайтын «Қайсар» командасының сан түрлі жетістігі бар. Вячеслав Ким мен Ольга Егуновадан  тәлім алатын арулар тіпті Азияның алпауытына айналды. Жақында Испанияда өткен әлем біріншілігінде «Қайсардың» 8 қызы Қазақстан құрамасының намысын қорғады. Паркетке шыққан сегіз сұлу да сенімді ақтап, сәтті ойын көрсетті. Соның бірі – Жанерке Сейітқасым.

Кәрі құрлықта керемет өнер көрсеткен Жанерке гандболға кездейсоқ келмеген. Талантты қызды әкесі Аманжол Бақбергенов 2014 жылы Жаңақорғандағы жаттықтырушы Құнанбай Қайратұлына тапсырыпты. Араға екі жыл салып жасөспірімдер құрамасында тер төккен шебер ойыншы көпшілікті тәнті етеді. Облыстық ашық біріншіліктерде көзге түсіп жүрген  ауылдағы ару 2016 жылы Қызылордадағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түседі. Сол жылдан бастап «Қайсардың» құрамына ілініп, мықтылығын дәлелдейді. Вячеслав Ким Жанеркені бірден қатарға қоспады. Алдымен 2015-2017 жылы жастар құрамында жоғарғы лигада өнер көрсетіп, 2018 жылдан бастап супер лигада ойнау құқына ие болады.

– Ең бірінші маған тәлім-тәрбие берген ата-анама, алғашқы бапкерім Құнанбай Қайратұлына, біліктілігімді байқаған Вячеслав Ким мен Ольга Егуноваға, демеу берген достарым мен қазіргі командаластарыма алғысым шексіз. Басында қай спортқа бару керек деген сауал болған, алайда ауылдағы гандбол спортының беталысы мені тәнті етті. Алтыншы сыныпта жүргенде осы спортқа келдім. Қазір аз да болса, жетістікке жетіп, үлкен мүмкіндіктірге ие болдым. «Қайсармен» Азия біріншілігінде топ жардық. Ел чемпионатында жеңімпаз атандық. Командам темірдей тәртіппен жүреді. Тәртіптің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп келеміз. Жақында Испанияда өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасына шақырту алдым. Мария және Ксения Пупченкова, Наталия Полуянко, Дана Әбілда, Татьяна Давыдова, Алеся Малышева, Злата Звягина сынды «Қайсар» гандболшыларымен бірге ел намысын қорғадым. Әлем біріншілігіндегі керемет көрініс Әнұранымызды жанды дауыста айтқанымыз болды. Иранға қарсы матчта ескі Әнұранымыз қосылды. Мұндай сәт біздің спортшылардың басынан жиі өтеді. Алғашында абдырап қалдық. 10-15 секунд тыныштық орын алғаннан кейін қыздармен бірге жанды дауыста айтқанды құп көрдік. Содан кейін намысымыз оянып, азулы Иран құрамасын 31-25 есебімен жеңіп кеттік. Қазіргі спорттық мансабыма шүкір етемін. Алда жоспар көп, тек аянбай еңбек ете білсек болғаны, – деді Жанерке Сейтқасым.

Тынымсыз еңбек, төккен тер, үкілеген үміттің арқасында жас гандболшы осындай биіктерге жетті. Ата-анасы да қыздарына қолдау көрсетіп, үнемі жанынан табылуға тырысады. Иә, «баласы көкпар шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады», демекші анасының да көңілі әрдайым Жанерке үшін алаңдаулы.

– Қызым үшін алаңдап, амандығын тілеп отырамын. Оның спортта жүргеніне өте қуаныштымын. Біз оған әрдайым қолдау көрсетіп, биіктерден көрінуіне тілектестік білдіреміз. Жанеркенің болашағынан біз ғана емес, жанкүйерлері мен бапкерлері үлкен үміт күтеді. Сондықтан, аянбай еңбектенуі керек, – деді анасы Айгүл Қалжанова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!