Мажарстанның бас шаһары – Будапеште дзюдодан Grand Slam турнирі өз мәресіне жетті. Ерлер арасындағы сайыста Ресей құрамасына тең келер команда табылмады.

Будапеште сарапқа салынған жеті бас жүлденің бесеуін ресейліктер иеленді. Олар – Яго Абуладзе (60 келі), Абдулла Абдулжалилов (66 келі), Михаил Игольников (90 келі), Нияз Ілиясов (100 келі) және Инал Тасоев (+100 келі). Қалған қос алтынды әзірбайжандық Рустам Оруджев (73 келі) пен түркиялық Ведат Әлбайрақ (81 келі) олжалады.

Әйелдер сайысына Францияның өкілдері – Амандин Бюшар (52 келі) мен Одри Чёмео (78 келі) қарсылас шақ келтірмеді. Сондай-ақ косовалық Дистрия Красники (48 келі), канадалық Джессика Климкайт (57 келі), словениялық Тина Трестняк (63 келі), ховатиялық Барбара Матич (70 келі) және түркиялық Сайит Кайра (+78 келі) алтыннан алқа тақты.

Өкінішке қарай, осы жарысқа қатысқан Қазақстанның барлық балуандары тегістей ұтылды. Ең сорақысы, солардың дені алғашқы кезеңдерде сүрінді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!