Халқымызға ежелден белгілі бекзада өнер – құсбегілікпен айналасатындар уақыт өткен сайын азайып барады. Десе де, қанға сіңген дәстүр қазақ барда жойылмақ емес. Бұған Жаңақорған ауданындағы құсбегілердің XV-ші республикалық чемпионаты дәлел. Жақында еліміздің 2 қаласы және 10 облыстан келген 90 саятшы ұлттық спортты ұлықтап, көрерменге есте қаларлық әсер сыйлады.

Қыран құсын қолына алып, жүйрік атын тақымдаған саятшылар сайысын аудан әкімі Руслан Рүстемұлы ашып, құсбегілік пен құс баптау, қыран құсты тану қазақ жұртына ежелден тән өнер екенін жеткізді.

– Құсбегілік – қазақтың үлкен мәдениетінің бір бөлігі, ата-баба дәстүрінің жарқын көрінісі. Қазақ халқы тұрмыс-салтының ажырамас бір бөлігі. Тіпті, философиялық тұрғыдан айтсақ, аспандағы құсты қолына қондырып, қолғанат қылып жұмсау кез келген халықтың қолынан келе бермейтін бекзат өнер. Қазір кең жайлауда мамырлап, көлден-көлге қонып, жаз қызығын жайлауда көретін баяғы заман емес. Заманның ықпалымен халқымыздың да өмір салты өзгерді. Енді бұл өнерді сақтап қалудың жалғыз жолы – спорт. Демек, қазір елімізде құсбегілікпен айналысатын азаматтарымыз ата-баба дәстүрін жалғап қана отырған жоқ, сонымен қатар құсбегілікті спорт ретінде дамытуға үлкен үлес қосуда. Осы чемпионат соның айғағы, – деді Р.Рүстемұлы.

Байрақты бәсекеде Мәдениет және спорт министрлігінің аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы мен ҚР Қыран Федерациясының президенті, Құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы саятшылық өнер туралы баяндады. Айтуынша, ұлттық спорт мектептері барлық аймақта бар. Сол мектептерде құсбегілік үйретіледі. 1980 жылдары республика бойынша 15-16 ғана құсбегі болса, бүгінде оның саны 200-ге жеткен. Бұрындары саятшылыққа тек бүркіт құсы қатысатын. Ал қазір қыран құстың қатарына ителгі, қаршыға, лашын қосылды.

Аталған жарыста 48 бүркіт, 8 қаршыға және 8 ителгі құсы бақ сынады. Сырт келбеттерінен-ақ кербездік пен қырағылықты аңғару қиын емес. Құсбегілер де ежелгі аңшы кейпінде. Қарагердің үстінде қаққан қазықтай отырып, балдағына қыран құсын қондырғанынан бастап ауыл тұрғындары аңтарылып қарап тұрды. Бүркіт көкте самғап жүріп жердегі олжасын қалт жібермеді. Әділқазылар бұл ретте қыранның бабына ғана емес, саятшының киім үлгісі мен құрал-сайманын да бағалады. Ұлттық нақышта тігілген киім, құстың жем сауыты, томаға сияқты құсбегіге қажетті құрал-жабдықтар назарға алынып, бүркіттің тұрпаты бағаланды. Сонымен қатар қолға шақыру, шырға тарту, еркін ұшу кезеңдерінде саятшылар құстың бабын көрсетті.

– Саятшылық ежелден қазақтың болмысымен егіз. Табиғаттың тылсымын, құпия сырын терең меңгерген халқымыз саятшылықты саламатты өмір салты секілді ұстанған. Құсбегілікте қолданылатын құстарды үлкен аушы құстар және кішірек қыран құстар деп екіге бөледі. Бүркіт, лашын, қаршыға, сұңқар, тұйғын, ителгі, қырғи сияқты жыртқыш құстарды ұстап, аңға салып баулиды. Мұның бірнеше қыр-сыры, құпия-қызығы да көп. Құсбегілер көбінесе бүркіт ұстайды. Сыр-сипатына қарай оған ат қойылады. Жасына қарай олар тастүлек, мұзбалақ, көк түбіт, май түбіт, барқын, баршын деп бөледі. Алғыр құстарды қыран, шәулі деп бағалайды. Құстың құндақ, тұғыр, балақ бау, томаға деп аталатын әбзел-жарақтары болады және оны күту, баптау, тәрбиелеу, түлету, үйрету жолдарының өзі үлкен бір ғылым іспеттес. Бұл ғылымның құпия сырын құсбегілер өте жақсы білген. Осындай шаралар арқылы оны жас буынға наси­хат­тауымыз қажет, жастар тарихты, көне өнерді білуі тиіс, – дейді құсбегі Жалғас Әкімбеков.

Тартысты бәсекеде нағыз мықтылар анықталды десек болады. Нәтижесінде бүркіт салудан І орынды Атырау облысынан келген Ақберен Құрманалиев қанжығасына байлады. ІІ орын жамбылдық Жалғас Әкімбековке бұйырды. ІІІ орынды Қарағандыдан келген Нұрлыхан Жаркен мен алматылық Ермұхан Баетбай бөлісті. Қаршыға түрінен І орынды түркістандық Сейдулла Паң еншіледі. ІІ орын Ерлан Сандыбайда. ІІІ орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Күнтуған Серікбек пен Сейітжан Аянға бұйырды. Ал ителгі түрінен маңғыстаулық Айшуақ Тайманов І орынды иеленді. ІІ орын Таңат Оспанқұловтың қоржынында. ІІІ орынмен алматылық Мұрат Көдеков пен түркістандық Ибрагим Базарбек марапатталды. Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің медальдарын кеудесіне тағып, демеушілердің қаржылай сыйлықтарына ие болды.

Ұлттық рух кернеп, дү­бір­лі думанға бөленген Жаңа­қорғаннан бұл күні қа­зақы ауылдың көрінісі ерек­ше байқалды. Ұлттық өнер­дің бойына қан жүгірткен жа­рыстың тартысты һәм қы­зықты өрбігені ел ішінде әлі айтылып жүр.

Суреттерді

түсірген  Н.Нұржаубай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!