www.istockphoto.com

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметте 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларымыздың дайындығы жөнінде баяндап, ол жаққа  спортшының нешеуі баратынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оның айтуынша, Ұлттық команда спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынасады. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында өтеді, ал жабылу салтанатын 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастыру жоспарланған. Ойындар бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшыларының өнер көрсетуімен басталады. Соңғы кезеңде тау шаңғысы бойынша жарыстар өтеді. 

– Болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады деп күтілуде. Қазір Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар  спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды, – деді Туризм және спорт министрі. 

Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-Д’Ампеццо қалаларында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Барлығы 116 марапат жиынтығы ойнатылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!