Бүгінде өңірдегі көкпаршылар бекзат өнерді алға жылжытуға барын салуда. Оған 2005 жылдан бері Қазақстан біріншілігінен қалыс қалмай, аймақ абыройын қорғап жүрген Қызылорда көкпар құрамасы дәлел. Спорт жанашырларының белсенді әрекетінің арқасында салада Сыр өңірінің салмағы артып, жемісті нәтижеге қол жеткізуде. Осы орайда көкпардан облыстағы құраманың бүгінгі ахуалы туралы тарқатып көрсек…
Ұлттық спорттың арасында жігітті төзімділікке, ептілікке, батылдыққа баулитын өнердің бекзат түрі – көкпар. Өзгелерге қарағанда көрермені де көп. Аталмыш спорттың биігін бағамдау үшін ішкі-сырты мәселелерге назар аудару жеткілікті секілді. Бүгінде тұтас аймақтың абыройы бір ғана Жаңақорған ауданының шабандоздарына тиесілі. Қазақстан чемпионатына 15 жылдан бері қатысып келе жатқан Қызылорда командасы осы уақытқа дейін жүлдегерлер қатарынан көрінбеген. Неліктен? Бұл сауалдың жауабын белгілі көкпаршы, команданың бапкерлік қызметін де атқарған Съезбек Сыздықовтан сұрап көрдік.
– Көкпар ережесі бойынша екі үлгі бар. Бірі жаппай, екіншісі командалық. 2005 жылға дейін жер-жерде жаппай көкпарға қатысып жүрдік. Ресми 2005 жылдан бері біріншілікке тіркеліп, содан бері облыс командасы бақ сынап келеді. Бұйыратыны, 4 пен 6 орын. Қателеспесем, 2014 жылы жеребе жолдас болып 4-інші орын алдық. Әзірге біріншіліктегі жетістік сол. 2019 жылдан бері құрамадан алшақтап қалдым. 2014-ке дейін мемлекет тарапынан қолдау болмады десек те болады. Көкпарға жеке пырағымызды қосып, жолға демеуші іздеп, «итшілеп» қатысатынбыз. 2014 жылдан бастап облыстық спорт басқармасы тарапынан шабандоздарға шәкіртақы тағайындалып, жағдай бірте-бірте түзеле бастады. Қазір қолдау жоғары деңгейде. Спорт басқармасы 20 жылқыға дейін алып берді. Әр жылқының құны 1 млн 240 мың теңгеден келеді. Оның жем-шөбі, беретін дәрумені де жеткілікті. Шәкіртақы 85 мың теңгеге көтерілді. Бапкерлердің саны 5-еуге дейін артты. Құраманың басы қасында жүргендер көрсетілген қолдауды дұрыс бағытта пайдалана алмай жатыр, – дейді спортшы.
Жалпы қазіргі таңда Тараздың «Әулие атасы» мен Түркістан облысының «Құлагеріне» тең келетін команда аз екенін мойындау керек. Соңғы кездері «Атырау» құрамасы да үздіктер қатарына қосылып келеді. Сыр өңірі құрамасының аталған топтардан қалыс қалуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, бұл құрамалардың сапындағы шабандоздар тұрақты жалақы алады әрі арнайы мектептер жұмыс істейді. Тіпті, Түркістан, Жамбыл, Атырау аймақтарында бірнеше мектеп бар. Оған қоса, додаға қосатын тұлпарды ерекше баптайды. Атқа қажетті дәрумендерді беріп, түрлі екпелер салады. Өкініштісі, Қызылорда облысында ұлттық спортқа арналған клуб та, спорт мектеп те жоқ. Сондықтан бағыт бұрар тұстың бірі – арнайы мектеп пен сәйгүлік бабы.
Дегенмен көңіл көншітер көрсеткіш те бар. Соның бірі құрама сапындағы жас спортшылардың артуы болса керек. Бүгінде Абылайхан Құлмағанбетұлы, Дәулет Ағайдар, Темеңгер Сағымбай сынды жастар аймақ абыройын асқақтатуда.
– Жастайымнан ат үстіндемін. Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында туып-өстім. Жаңақорғанда көкпар қалыптасқан. Мектеп бітірісімен құрамаға ілігіп, облыс намысын қорғап жүрдік. Көкпарға түбегейлі көңіл бөлген соң спорт шебері атағын алуды мақсат еттік. Ол үшін команда міндетті түрде жүлдегерлер қатарынан көрінуі тиіс. «Құлагер» көкпар командасына келгелі Қазақстан құрамасына да шақырту алып жатырмын. Ат жалында өскен соң халқымызбен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан өнерін жалғағың келеді, – дейді қызылордалық спортшы Нұрлыбек Асқаров.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!