Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев спортшы Мөлдір Жаңбырбайды «Facebook» парақшасында құттықтады.

«Азия ойындары мәресіне жақындаған сайын барша жанкүйерлер қауымы спортшыларымыздан нәтиже күтудеміз. Байрақты бәсекенің шешуші күнінде каратэші Мөлдір Жаңбырбайдың күміс жүлде иеленгені жайлы ақжолтай жаңалыққа қуандық.
Мөлдір алғашқы кездесуін гонконгтық қарсыласы Азия чемпоны Йе Тинг Цангпен өткізіп, 3:2 есебімен жеңіске жетсе, екі дүркін Әлем чемпионы жапондық Михо Михараны 6:5 есебімен, Әлем чемпионатының қола жүлдегері ирандық Сара Бахманиярды 5:4 есебімен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Алтын медаль үшін айқаста 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы тайпейлік Шиау Шуанг Гумен 5:5 есебімен тең түсті. Дегенмен соңғы нәтижелі әдісті қарсыласы жасауы себепті екінші орын алды.
Каратэден ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі, Сыр елінің мақтанышы Мөлдір Жаңбырбай – каратэден жастар арасында Әлем чемпионы, Азия чемпионатының жеңімпазы.
Қазақ елінің қоржынына күміс жүлде салған алтын қызымыз ел мерейін осылайша асқақтатты. Сырбойылық спортшылар Азия ойындарында 2 күміс, 4 қола жүлде алды. Барша жүлдегерлерімізді тағы да құттықтаймын!
Жерлестерімізге сәттілік тілейміз», – деп жазды облыс әкімі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!