Қамқорлықтың жоқтығынан көсегесі көгермей тұрған ұлттық спорт ойынының бірі – көкпар. Өзге спорт түрлерінің мұрты майланып жатқанымен, өз өнеріміз өгей баланың санатында. Мемлекет тарапынан қолдау да жақсы дей алмаймыз. Көкпаршылар өз ынтасы мен сүйіспеншілігін серік етіп, сынықсүйем алға жылжытуға тырысуда. 2005 жылдан бері Қазақстан біріншілігінен қалыс қалмай, аймақ абыройын қорғап жүрген Қызылорда көкпар құрамасының қазіргі ахуалы қалай, елдегі өгей спорттың өңірдегі жағдайы қалай? Тақырыпты тарқатып көрсек…
Алдымен ұлттық спорттың елдегі дамуын білу мақсатында ulttyqsport.kz порталын парақтай бастадық. Бұл портал көкпардан бастап, қазақтың ұлттық спортының жаңалығы мен кем кетігін оқырманға ұсынатын ресми әрі жалғыз сайт. Бірақ аталған сайт әлемде коронавирус инфекциясы тарамай жатып «карантин» жариялапты. Қысқасы, 2018 жылдың 4-інші маусымында ақпарат салуды тоқтатқан. Содан бері ұлттық спорттың елдегі жаңалығынан оқырман қауым бейхабар. 28 наурыз бен 5 сәуір аралығында ұлттық спорттан ел біріншілігі өткенін тек көкпаршылардың аузынан естідік. Хош. Әзірге ұлттық спортты ұлықтап жүрген спортшылардың соңғы жарысы сол. Жамбыл жеріндегі жарыста көкпар командаларының саны қысқарған. Рухани жаңғыру бағдарламасы басталғанда барлық облыс пен қала түгелдей команда жасақтаған көрінеді. Бүгінде дәрмені бірте-бірте азайып қалғандай. Себебі Тараздағы тайталаста Шығыс Қазақстан мен Ақмола облысының командалары біріншіліктен бас тартып, спортшылардың саны азайған. Елдегі ахуал осындай. Енді өз облысымызға ойыссақ. Ұлттық спорттың арасында жігітті төзімділікке, ептілікке, батылдыққа баулитын өнердің бекзат түрі – көкпар. Өзгелерге қарағанда көрермені де көп. Аталмыш спорттың биігін бағамдап, саралап көрдік. Жағдай біз ойлағандай мәз емес. Тұтас аймақтың абыройы бір ғана Жаңақорған ауданының шабандоздарына тиесілі. Қазақстан чемпионатына 15 жылдан бері қатысып келе жатқан Қызылорда командасы осы уақытқа дейін жүлдегерлер қатарынан көрінбеген. Неліктен? Бұл сауалдың жауабын белгілі көкпаршы, команданың бапкерлік қызметін де атқарған Съезбек Сыздықовтан сұрап көрдік.
– Көкпар ережесі бойынша екі үлгі бар. Бірі жаппай, ншісі командалық. 2005 жылға дейін жер-жерде жаппай көкпарға қатысып жүрдік. Ресми 2005 жылдан бері біріншілікке тіркеліп, содан бері облыс командасы бақ сынап келеді. Бұйыратыны, 4 пен 6 орын. Қателеспесем, 2014 жылы жеребе жолдас болып 4-інші орын алдық. Әзірге біріншіліктегі жетістік сол. 2019 жылдан бері құрамадан алшақтап қалдым. 2014-ке дейін мемлекет тарапынан қолдау болмады десек те болады. Көкпарға жеке пырағымызды қосып, жолға демеуші іздеп, «итшілеп» қатысатынбыз. 2014 жылдан бастап облыстық спорт басқармасы тарапынан шабандоздарға шәкіртақы тағайындалып, жағдай бірте-бірте түзеле бастады. Қазір қолдау жоғары деңгейде. Спорт басқармасы 20 жылқыға дейін алып берді. Әр жылқының құны 1 млн 240 мың теңгеден келеді. Оның жем-шөбі, беретін дәрумені де жеткілікті. Шәкіртақы 85 мың теңгеге көтерілді. Бапкерлердің саны 5-еуге дейін артты. Құраманың басы қасында жүргендер көрсетілген қолдауды дұрыс бағытта пайдалана алмай жатыр. Соңғы жарысқа тоқталайықшы. Ережеге сәйкес биыл жоғары және бірінші лига болып екіге бөлінді. Қызылорда құрамасы жоғары лигада бақ сынады. Онда 6 команда бақ сынауға тиіс болатын. Бірақ бір команда жарысқа келмей қалды. 4 кездесу өткізген қызылордалықтар 3-еуінде жеңіліс тапса, 1-еуінде ғана мерейі үстем болды. Жамбылдық «Әулие ата» командасынан 14-0, «Құлагерден» 17-2, «Атырау» облысынан 13-1 есебімен ұтылса, топтағы ең әлсіз құрама саналған Солтүстік Қазақстан облысын 5-3 есебімен жеңді. Осылайша 4-інші орын алды. Егер 15 команданы бөліп жармағанда мына деңгеймен құрама 7-8-інші орыннан бір-ақ шығатын еді. Жеңілген 3 командаға қарсы біздің шабандоздар ешқандай қарсылық білдіре алмады. Мұның себебі неде? Алдымен жаттығудың дұрыс жүргізілмегені, сондай-ақ командадағы мықты жігіттердің өзге командаға кетіп жатқаны. Мықтыларымызды жан-жаққа жоғалта берсек, аутсайдерлердің қатарынан бір-ақ шығамыз. Сондықтан жүйені өзгерту керек. Мысалы, «Әулие ата» командасына жетекшілік ететін Нұрдәулет Момынов, «Құлагер» командасының басы қасында жүрген Ғани Ахметбаев сынды азаматтардың жанашырлық ісін көріп сүйсінесің. Ең алдымен істеген кәсібіңе махаббатпен қарау керек. Сонда ғана кәсібіңнен береке табасың.
Ірі есеппен ұтылу себебін команданың жаттықтырушысы Қанат Абылбековтен сұрадық. Жалпы құрамдағы ішкі ахуалдың жай-жапсарын бапкердің өзінен білдік.
– Тараздың «Әулие атасы» мен Түркістан облысының «Құлагеріне» тең келетін команда аз. Соңғы кездері «Атырау» құрамасы да үздіктер қатарына қосылып келеді. Біріншіден, команда сапындағы шабандоздар тұрақты жалақы алатын клуб жұмыс істейді. Додаға қосатын тұлпарды ерекше баптайды. Атқа қажетті дәрумендерді беріп (алма, сәбіз, бал және т.б), түрлі екпелер салады. Ал бізде осы күнге дейін ұлттық спортқа арналған клуб немесе спорт мектебі болған жоқ. Бір ғана Түркістан облысында көкпардың қыр-сырын үйрететін үш мектеп бар, Жамбылда “Әулие ата” мен “Байзақ датқа” деп аталатын екі мектеп жұмыс істеп тұр. Екіншіден, аталған облыста кәсіпкерлердің ұлттық спортқа жанашырлығы, қамқорлығы жоғары. Тізімге «Атырау» құрамасын қосуымның себебі бар. Бүгінде батыста көкпарға қатты көңіл бөлуде. Жергілікті жерден көкпаршы шықпағанмен, елдің үздіктерін жалақы беріп, құрамаға қосқан. Біздің кешегі өткен жарыста әлсіздік танытқан тұсымыз көкпардағы жекпе-жекте есе жібердік. Жекпе-жекте мықты пырағың болмаса ұмтылғаннан еш пайда жоқ. Жекпе-жекке шығатын жылқылар кем дегенде 5 млн теңге тұрады. Кез келген қылқұйрықтың кәдеге жарай бермейтіні белгілі. Белі бекем, сирағы жуан сіңірлі, үркіп-жасқануды білмейтін жылқы баласы керек бұл додаға түскенде. Опыр-топыр болып жатқан додашыларды қақырата жарып шыққан командаласының тақымындағы серкені допша қағып алып, атқан оқтай зырқырай шабатыны да қажет. Бірақ соның бәрі табыла бермейді. Қорыта айтсам, көкпаршы балалардың тақымына татитын ат табу қиын. Табылған атты жас балаша мәпелеп, жыл бойы бағуың керек. Командада 12 шабандоз бар. Жыл басында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, қаралымға келген 25 шабандоздың арасынан 18-ін іріктеп тізімге бекітеміз. Абылайхан Құлмағанбетұлы, Дәулет Ағайдар, Темеңгер Сағымбай сынды жастарымыз өсіп келеді. Ішкі ахуал жаман емес.
Өзге облыстың намысын қорғап жүрген жерлестеріміз баршылық. Соның бірі – Нұрлыбек Асқаров. Нұрлыбектен «Құлагерге» ауысуының себебін сұраған едік.
– Өзім кішкентайымнан ат үстіндемін. Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында туып-өстім. Ат жалында өскен соң халқымызбен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан өнерін жалғағың келеді. Қазіргі күні қала баласымен қатар ауыл баласы да әлжуазданып кетті, қауқары кем, қайраты аз деген пікір айтылып жатады ғой. Олай емес, білекті, жүректі балалар өртеңге өскен шөптей қаулап жетіліп келеді. Тек соларды ұлттық үрдісімізге біртабан жақындатып, халқымыздың қасиетін бойына сіңіру кемшін. Жаңақорғанда көкпар қалыптасқан. Мектеп бітірісімен құрамаға ілігіп, облыс намысын қорғап жүрдік. Көкпарға түбегейлі көңіл бөлген соң спорт шебері атағын алуды мақсат еттік. Ол үшін команда міндетті түрде жүлдегерлер қатарынан көрінуі тиіс. 1-2 орын алған команданың шабандоздары міндетті түрде спорт шебері атағым алғым келді. Біздің команданың жүлдеге қол созу жолында жолы болмады. Жеңіліс сериясы көп болғандықтан көңіл күй де түседі. Құрамда 4-5 мықты шабандоз болдық. Солардың бір-екеуі жарақат алса, команданың жағдайы күрт нашарлайды. Оның үстіне іріктеу мен жаттығу жұмыстары да біз ойлағандай өтпейді. Жаттығу жөнді жүргізілмеген соң нәтиже де жақсармайтынын біліп, Түркістанға қоныс аударуды құп көрдім. Алғашында бапкерлерім қарсылық білдіріп, ауысуыма тыйым салды. Соның салдарынан 1 жыл көкпардан алшақ кеттік. Кейіннен бапкерлерден сұранып, «Құлагерге» қосылдым. Екі команданы әрине салыстыруға келмейді. «Құлагер» – елдегі ең үздік команданың бірі. Жамбылдық «Әулие атамен» чемпиондық атақты сарапқа салады. Биыл екінші орын алдық. Енді спорт шебері деген құрметке ие болатын сәт алыс емес. «Құлагерге» ауысқалы Қазақстан құрамасына да шақырту алып жатырмын. Сүйікті ісіңмен еркін айналысуға Түркістанда мүмкіндік мол. Ипподромда көкпардың жылқылары жетерлік. Бағасы 20 млн тұратын жылқыларды көрген сәтте көкпарға махаббатың одан әрі ашылады. Еліміздегі №1 Намыскөк жылқысы біздің «Құлагерге» тиесілі.
Қызылорда облысының көкпарына жауапты Исламбек Боранбаев мемлекеттік сатып алу салдарынан көкпардың дамуы тежеліп тұрғанын жеткізді.
– Елдегі заңға сәйкес қазір бір пырақ алатын болсақ, мемлекеттік тапсырыспен келетіні белгілі. Әкімдік тарапынан көкпарға деген қолдау ерекше. Тек мемлекеттік сатып алу жолымызға кішкене тосқауыл қоюда. Өйткені тапсырысты ұтып алғандардың алып келген дүниесіне көңіл толмайды. Мысалы, 2019 жылы 12 жылқыны тапсырыспен алдық. Алматы қаласынан келген жылқылар біздің өңірге жерсінбей қиындық тудырды. Бұрын соңды көкпар көрмеген сәйгүліктер біздің спорттан бейхабар болды. Сондықтан біраз уақытымыз жылқы баптаумен кетті. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында 2018 жылы 8 жылқы берілды. Қазір 20 жылқыны бағып-қағып жатырмыз. 12 шабандоздың 11-і 85 мың теңгеден шәкіртақы алады. 18 жасқа толған көкпаршыларды ұстап тұра алмаймыз. Әркімнің өз қалауы болады. Басқа командаға ауысқысы келетіндерді қошеметпен шығарып саламыз. Әрине, мықтыны біз де жібергіміз келмейді. Бірақ шабандоздың өз еркіне саламыз. Жалпы аймақта тек Жаңақорған ауданы ғана көкпармен айналысқаны дұрыс емес. Барлық аудандарда ұлттық спорт мектебінің филиалдарын ашу керек. Сонда ғана ұлттық спорттың шоқтығы биік болады.
Әуесқой көкпаршы Дамир Серікұлы да жастардың көкпарға қызығушылығы төмендеп бара жатқанын жеткізді.
– Ең алдымен ұлттық спорттың жарнамасы мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан жастар жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ деген спорттың барын да білмейді. Қазір спорт былай тұрсын ат үстінде жүрген замандастарымды көрсем қуанамын. Себебі ат спортына деген қызығушылық жоқтың қасы. Неге? Өйткені біздің облыста тек Жаңақорғанға ғана көңіл бөле береді. Қалған аудандарда, мектеп былай тұрсын, қазандығы бар ипподром да жоқ. Облыс біріншілігін қарасақ, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Сырдария аудандары ғана белсенділік танытады. Ат спортынан хабары бар үлкендерге қолға алайық десең, «Бізде Жаңақорған ауданы секілді қаржы бөлінбейді, тегін дүние қайдан оңсын? Одан да жұмысымды істеп, отбасымды асыраған дұрыс» дейді. Сондықтан барлығына бірдей көзқараспен қараса, ауыл аймақта ат спортының мәртебесін көтеретіндер шығады.
Расында қазір Қамбар атаның қасиетін ұлттық спортқа емес, біздің өңірде соғымға пайдаланып жүр. Көкпаршылардың айтуына қарағанда, ұлттық өнерді ұлықтау жағы сын көтермейді. Өздерінің ұсыныстары да бар. Мәселен, Жаңақорған ауданынан бөлек өзге аудандық спорт бөліміне тым құрығанда бір штат бөлініп, жалғыз көкпар ғана емес, Алашқа тән бар спортты дамытуға ықпал етсе дейді. Әйтпесе өз өнеріміз өгей болатындай, кенже қалатындай заман емес қой.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!