Алматыдағы Орталық стадионда UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі көптен күткен кездесу өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
«Қайрат» пен Еуропаның ең мықты клубтарының бірі «Реал Мадрид» арасындағы матч футбол жанкүйерлерінің назарын өзіне аудартты.
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ мадридтік команда ойын тізгінін өз қолына алды. 25-минутта Килиан Мбаппе пенальтиден есеп ашып, «Реалды» алға шығарды. Артынша оның шапшаңдығы мен шабуылдағы белсенділігі қазақстандық команданың қорғанысын қыспаққа алды. Мбаппе тағы екі рет мергендігімен көзге түсіп, хет-трик авторы атанды.
70-минутта Родриго төртінші голды енгізсе, матч соңында Браим Диас бесінші допты соғып, қорытынды нүкте қойды.
«Қайрат» командасының қақпашысы 18 жастағы Шерхан Қалмырзаның бірқанша қатердің алдын бөгеп, допты қаққаны көрермендер назарын аудартты. Шерхан белгілі деген ойыншылардың бірқанша добын қақпаға өткізбей ұстап қалды. Ойыннан кейін әлеуметтік желіде оған қолдау білдірген жазбалар көптеп ұшырасты.
Қолданушылардың бірі “Реал Мадрид” пен Шерхан жалғыз ойнағандай болды маған», – деп жазса, тағы бірі «Шерхан шері… Жақсы жаттықтырушы болса, біраз жағдай жасалса мықты қақпашы болғалы-ақ тұр екен… Кешегі ойыннан кейін Еуропаның командаларының бірі болмаса бірі «құда түссе» жұлдызы жарқырап кетер ме еді!?»- деген жазба қалдырған.
Ал «Реал» командасының капитаны Тибо Куртуа өзінің жазбасында Шерханды белгілеп, «Қайратпен» болған ойын туралы ойымен бөліскен. Ол «Үлкен жеңіске жету жолындағы өте сенімді ойын. Әлемдегі үздік клубтың капитаны ретінде алаңға шығу адамды толқытады», – деп ол өзінің әсерін жазған.
Ойын соңында Тибо мен Шерханның жейде алмастырғаны да әлеуметтік желіде талқыланып жатыр.
Алматы стадионының іші-сырты көрерменге лықа толды. Бірнеше күн бұрын Қазақстанның бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та әулетімен осы ойынды тамашалайтыны айтылған. Алайда ойын кезінде әлеуметтік желідегі кейбір парақшаларда экс-президенттің келгені хабарланғанымен, мәлімет расталмады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!