Жуырда WBA үздік боксшы тізімін жариялады. Оның ішіде қазақстандық спортшылар да көрінген болатын. Осыған орай үздіктер қатарына назар аударып көрейік.
Аса ауыр салмақта Иван Дычко бір саты төмендеп, 11 орынға сырғыды. Рейтингтің басына Деонтей Уайлдер жайғасса, екінші қатарда Конго ДР өкілі Мартин Баколе, үшінші орында ұлыбританиялық Энтони Джошуа тұр. Бұл салмақтағы әлемнің «супер чемпионы» – украиналық боксшы Александр Усик.
Екінші орта салмақта Бек Нұрмағанбет бір саты жоғарылап, 10-нан 9-орынға көтерілді. Үздік үштікті франциялық Кристиан Мбилли, канадалық Эрик Базинян мен ирландиялық Патрик Макрори түйіндеп тұр. Осы салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы – мексикалық Сауль «Канело» Альварес.
Бірінші жартылай орта дивизионда Батыр Жүкембаев 14-орнын сақтап қалды. Бұл салмақ бойынша WBA-ның әлем чемпионы атағы әзірге бос. Үздік үш үміткер ретінде ұлыбританиялық Охара Дэвис, АҚШ боксшысы кіші Кеннет Симс пен венесуэлалық Исмаэль Барросо ұсынылды.
Екінші жартылай жеңіл салмақта жұдырықтасатын Сұлтан Заурбек бір орынға төмен сырғып, 6-орынды місе тұтты. Көш басындағы америкалық боксшы кіші Ламонт Роуч ешкімге жол берер емес. Одан кейінгі орындарға грузиялық Отар Эраносян мен ирландиялық Джоно Кэрролл орналасқан.
Екінші жеңіл салмақта Евгений Павлов үздік төрттікті түйіндеп тұр. Өзбекстандық Муроджон Ахмадалиев бірінші, мексикалық Кевин Гонсалес екінші, украиналық Олег Довгун үшінші орынды өзара бөліскен. Бұл салмақта WBA категориясы бойынша әлем чемпионы – филиппиндік Марлон Тапалес.
Жыл басында Сұлтан Зәуірбек Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) рейтингі бойынша үздік боксшылардың ондығына көтерілді. Себебі ол жеңіліссіз жол бастап келеді. 13 жекпе-жек өткізген ол бірде-бір рет қарсыластарынан жеңіліп көрмеген.
Батыс Қазақстан облысының боксшысы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы деп танылды. Спортшы бұл атақты өткен жылдың тамыз айында жеңіп алған болатын. Қараша айында ол Дензел Бентлимен жекпе-жекте өз мәртебесін растады. Жеңіс төрешілердің біртұтас шешімімен берілген еді.
Ал кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) нұсқасы бойынша орта салмақтағы 2023 жылдың үздік боксшысы деп танылды. Бұл туралы аталған ұйымның Доминикан республикасында өткен конференциясында мәлім болды.
2016 жылдан бері кәсіпқой бокста жұдырықтасып келе жатқан отандасымыз бүгінге дейін 19 жекпе-жек өткізіп, 11 қарсыласынан мерзімінен бұрын басым түскен. Ол осы жылдың сәуір айында Оңтүстік Кореяда жеңілістің кермек дәмін татпаған жапониялық Кадзуто Такесаконы сегізінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.
Қазіргі таңда жерлесіміз кәсіпқой бокстағы ең маңызды төрт белбеудің ішінде WBC нұсқасы бойынша екінші, IBF бойынша бесінші, ал WBO бағыты бойынша үшінші сатыға жайғасқан. Сонымен қатар боксшылардың статистикасын жүргізетін «BoxRec» басылымының мәліметіне сәйкес, М.Нұрсұлтанов дәл қазір Қазақстандағы ең мықты боксшылардың көшін бастап тұр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!