19 жастағы спортшы Руслан Фатахов кермеге тартылудан бес жаңа рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Алғашында грек-рим күресімен айналысқан Руслан өсе келе бірнеше спорттың басын шалыпты. 16 жасында стритлифтингке көңілі ауған спортшы әп-сәтте әлемге танымал болды.
«Спорт – менің өмір салтым. Жеңіске жеткенді, бірінші болғанды жақсы көремін. Стритлифтинг – өз-өзіңмен күресу. Басында артық салмақпен көтеріле алмадым, бірақ ауыр жаттығулар өз нәтижесін берді. Былтыр жазда өз салмағыммен +32 келі тартуда әлем чемпионы атандым. Чемпионат Киевте өтті», – деді Руслан.
Руслан былтыр қазанда Гиннестің рекордтар кітабына «қосымша салмақпен тартылу» номинациясына өтінім берген. Ол осы номинациядағы барлық жеті рекордты жаңартуға шешім шығарған. Биыл сәуірде екі жаттықтырушының қатысуымен және фото, видеоға түсіріп, орындаған. Видео мен қажет құжаттарды жіберген Руслан алты айға жуық уақыт жауап күткен. Жақында оның бес рекорд жаңартқаны расталды. Бұл – өз салмағымен минутына + 45 келі, минутына 31 рет +27 келі, минутына 39 рет +18 келі, кері 35 рет +18 келі тартылу. Тағы екі категория бойынша әзірге нәтиже жоқ.
«Гиннестің рекордтар кітабына енгеніме қуаныштымын. Екі категория бойынша маған қосымша құжат жіберуімді сұрады, бірақ әлі жауап алмадым. Рекорд орнатамын деп ойлаймын. Қазір Ресейде оқимын. Шет тілдерін үйренемін, жаттығу жасаймын. Болашақта жаттығу мен стритлифтинг секциясын ашып, білімім мен тәжірибемді бөліскім келеді», – деді Руслан Фатахов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!