Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Сабыржан Аққалықов (75 келі) күміс жүлдені қанағат тұтты, деп жазады Kazinform.
Отандасымыз алтын жүлдені ресейлік Исмаил Муцольговпен сарапқа салды.
Жекпе-жек барысында отандасымыз белсенді қимыл көрсетуге тырысты. Қарсыласына көбірек соққы жұмсауға күш салды. Десе де ол қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетсек, бұдан бұрын Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) әлем чемпионы атанған еді.
Аталған додада Теміртас Жүсіпов (48 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.
Сондай-ақ қазақстандық Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) жарысты ерте аяқтады.
Айта кетсек, әлемдік додада Ресей құрамасынан 12 боксшы алтынға таласуға мүмкіндік алған еді. Ал Өзбекстан сапынан 6 боксшы финалға шықса, Қазақстаннан — 4, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстаннан 1 боксшы финалға шықты.
IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылды. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!