Фото: ашық дереккөзден

Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата-бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» немесе «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Бірақ осы нақыл сөздің салмағын, жауапкершілігін сезінбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз.

Спорттың ең қарапайым түрі – жүгіру. Күн сайын таңертең үйдің маңайында, саябақта, алаңда жарты сағаттай жүгіру қажет. Егер жүгіруге дәрігер рұқсат етпесе, таңғы таза ауада серуендеуге болады. Сондай-ақ әртүрлі жаттығулар жасауға болады.

Салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы зор. Жастарды болашақтың тірегі болатын, денсаулығы мықты азамат ретінде қалыптастыру керек. Қазіргі жастардың болашағына мемлекет зор сеніммен қарап, үміт артады. Яғни, дені сау, білімді, білікті, жан-жақты қалыптасқан болашақ жастарды елестетеді. Расында да бүгінгі таңда еліміздің ақсақалдарынан кішкентай баласына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруі біздерді қуантып отыр.

Спорт – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі, адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес. Денесі жақсы дамыған деп күн режиміне спортпен жүйелі айналысуды енгізген, ағзаның шынығуы үшін табиғи факторларды тұрақты пайдаланатын, жұмысты белсенді демалыспен ауыстырып отыратын жас адамды айтамыз. Бір сөзбен айтқанда, спорт – барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түп қазығы – қозғалыс, ал қозғалыссыз тіршілік жоқ. Спорт сөзінің мағынасы кең. Дене тәрбиесі соның құрамдас бөлігі, дәлірек айтқанда бастапқы баспалдағы. Онымен тұрақты шұғылданған адамның денсаулығы зор болмақ.

Бекзат НАКИШОВ,
№32 «Қызғалдақ» санаториялық бөбекжай
бақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!