Фото: Мақсат Шағирбаев/ Kazinform

KAZINFORM – Сауд Арабиясы 2034 жылғы әлем чемпионатын өткізуге Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) ресми түрде өтінім берді. Бұл туралы аталған федерацияның өтінімдерді ұйымдастыру комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Өтінішті Парижде ФИФА-ға Сауд Арабиясының Спорт министрі және Олимпиада және Паралимпиада комитеттерінің президенті ханзада Абдул-Азиз ибн Турки ибн Фейсал, Сауд Арабиясы футбол федерациясының президенті Яссер әл-Мишаль бастаған ресми делегация тапсырды. 

2034 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын ел биыл 11 желтоқсанда белгілі болмақ.

Айта кетейік, 2030 жылғы Әлем чемпионаты үш құрлықтың алты елінде өтеді. Мундиалдың 100 жылдығына арналған матчтар Оңтүстік Америкада басталып, Солтүстік Африка мен Еуропада жалғасын таппақ. 

Атап айтсақ, 2030 жылдың маусым-шілде айларына жоспарланған 48 командалық турнир Уругвайда, Аргентинада және Парагвайда басталады. Оларды ФИФА «Жүзжылдықтың мерекелік матчтары» деп атап отыр. Содан кейін чемпионат негізгі қабылдаушы елдерде – Испания, Португалия және Мароккода жалғасын таппақ.

Бұл ойындар кезінде бұрын-соңды болмаған сапарлар жасалады. Адамдар түрлі сағат белдеулерінде түрлі тараптарға жол тартады. Солардың қатарында Буэнос-Айрес пен Мадрид арасындағы 13-сағаттық авиациялық сапар бар.

Әлем чемпионаты екі жарты шардағы алты елде ұйымдастырылатындықтан, кейбір командалар топтық матчтарын түрлі маусымда (қыс, жаз) өткізуге мәжбүр болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!