Дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Еліміздің барлық аймағынан келген белді балуандардың басын қосқан жарыста сенсациялық нәтиже көп тіркелді. Кейбір салмақ дәрежелерінде біраз жылдан бері ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген сақа спортшылар жүлдеге іліне алмады.

60 келі салмақ дәрежесінің басты фавориті Елдос Сметов бұл жарыстан босатылғандықтан, жанкүйерлердің пайымдауынша, бас жүлде үшін тартыс ұлттық құрама мүшелері Мағжан Шамшаддин, Бауыржан Жауынтаев, Бауыржан Нарбаев және Шерзод Давлатов арасында өрбуге тиіс еді. Мамандардың пікірі соған сай келді. Бірақ бұл болжам дөп келмеді. Жоғарыда есімдері аталған сол төрт мықтының арасынан тек Жауынтаев қана жеңіс тұғырына көтерілді. Жартылай финалда Мерей Марханбетовтен жеңілген ол қола медальді қанағат тұтты. Ал қалғандары тұсаукесер кездесулерінде сүрінді. Атап айтсақ, Давлатов пен Шамшаддинді Дәурен Сүйкенов сүріндірді. Нарбаев болса, Жақсыбек Жеңісбектен жеңілді. Алайда саңлақтарды сан соқтырған дзюдошылардың өздері де ұзаққа шаппады. Нәтижесінде аса жеңіл салмақтағы 56 балуанның басын қосқан бәсекеде атыраулық Қанат Сейілханның бағы жанды. Жартылай финалда жетісулық Дамир Болатбековті жеңген ол ақтық сында маңғыстаулық Мерей Марханбетовтен айласын асырды. Қызылордалық Бауыржан Жауынтаевпен бірге елордадан келген Ержан Еренғайыпов та қола медаль еншіледі.

66 келі салмақтағы еліміздің бірінші нөмірлі дзюдошысы Ғұсман Қырғызбаев екені сөзсіз. Бірақ бұл жолы оның жолы болмады. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұр Аманшүкіровтен ұтылды. Ғұсманың егізі – Ғұмар Қырғызбаев та тым сүреңсіз өнер көрсетті. Алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтаған ол екіншісінде Ермек Амангелдіге есе жіберді. Бұл салмақта Есет Қуановтың қарқыны күшті болды. Осы жарыста ол барлық қарсыласын жолынан ығыстырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Финалда Есет Маңғыстау облысының өкілі Сұңғат Жұбатқанды жеңді. Қола медаль татами қожайындары Айболат Ыстыбай мен Ермек Аманкелдіге бұйырды.

73 келі салмақта Данияр Шамшаевтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Атыраудағы жарыста Данияр дара шықты. Бастапқы бәсекелерде Бекнұр Тәңірберген, Махамбет Сағатбеков, Ермат Есқазиевті еңсерген ол жартылай финалда Асқар Нарқұловты тізе бүктірді. Ақтық айқаста Шамшаев оралдық Аңсарбек Ғайнуллинді еш қиналмай жеңді. Маңғыстаулық Нарқұлов пен жетісулық Дархан Қойбағар үшінші орындарды иеленді.

81 келі салмақта өскемендік Мадияр Сембаев – бірінші, Бекәділ Шаймерденов – екінші және ақтөбелік Нұржан Бисенов пен абайлық Жалғас Қайролла үшінші орындарды еншіледі. Көпшілік 90 келі салмақ дәрежесінің ширек финалдық сайысын қызыға тамашалады. Бұл межеде сақа спортшылар – түркістандық Дидар Хамза мен шымкенттік Ерсұлтан Мұзафаровтың жолдары қиысты. Бұл тартыс Хамзаның пайдасына шешілді. Финалда Дидар өзінің жерлесі Айдар Араповтан айласын асырды. Жетісулық Мұхаммедәлі Мавлидов пен алма­тылық Ерасыл Жана­таевтың мойнында қола медаль жарқырады.

100 келі салмақтың басты фавориті Ислам Бозбаев үшінші айналымнан аса алмады. Ол жамбылдық Данил Федо­ровқа жол берді. Бұл салмақ­та Бек­арыс Сәдуа­қасқа тең келер ешкім табылмады. 22 жастағы дзюдошы алғашқы екі қарсыласын ұпай санымен ұтса, одан кейінгі үшеуін иппонмен, яғни таза жеңді. Нәтижесінде Бекарыс Сәдуақас ел чемпионы атанды. Күміс медальді атыраулық Бекзат Шағатаев иеленсе, қола жүлдені тағы бір татами иесі Сұңғат Закарияев пен қызылордалық Нұрлыхан Шархан иемденді.

Алыптардың айқасы Әділ Оразбаевтың жеңісімен аяқталды. Әділ финалда жамбылдық Жамбыл Тұрғыналиевті шаң қаптырып кетті. Қызылордалық Еламан Ерғалиев пен павлодарлық Серік Сәлменов үшінші тұғырға көтерілді. Аса ауыр салмақта Еламаннан бөлек, әр жылдары «Қазақстан Барысы» турнирінде елеулі табыстарға қол жеткізген қазақ күресінің хас шеберлерінің де қалың шоғыры өнер көрсетті. Алайда Ерасыл Қажыбаев, Нұрдәулет Жарылғапов, Талғат Әміренов және Ғалымжан Қырықбай сынды түйе балуандардың бұл жарыста бақтары жанбады.

Ал әйелдер арасындағы жарыстың нәтижесі мынадай:

48 келіде:

1. Ғалия Тыныбаева (Алматы қаласы), 2. Сара Құлым (Түркістан), 3. Ирина Дубовская (Жетісу) мен Айкүнім Түйтекова (Алматы облысы).

52 келіде:

1. Әйгерім Әбілқадырова (Астана), 2. Толғанай Әбеуова (Ақмола), 3. Гүлдана Әлмұхамбетова (Маңғыстау) мен Құндыз Жылқыбай (Қызылорда).

57 келіде:

1. Бақыт Құсақбаева (Ақтөбе), 2. Дана Әбдірова (Атырау), 3.Балнұр Құрманбай (Алматы қаласы) мен Рауза Нұрмұхамметова (Жамбыл).

63 келіде:1. Есмегүл Куюлова (Атырау), 2. Мөлдір Нарынова (Жетісу), 3. Зарина Сәріпова (Абай) мен Самалай Ерғалиева (Қостанай).

70 келіде:

1. Анастасия Маякова (Ақмола), 2. Анастасия Морозова (Алматы қаласы), 3. Ажар Асхат (Абай) пен Перизат Жақыпбекова (Түркістан).

78 келіде:

1.Аруна Жангелдина (Ақтөбе), 2. Назерке Тілеуханова (Шымкент), 3. Лаура Жәнібекова (Қарағанды) мен Әсел Бисенбай (Қызылорда).

+78 келіде:

1. Ақерке Рамазанова (Алматы қаласы), 2. Кәмила Берліқаш (Жетісу), 3. Аида Тойшыбекова (Қарағанды) мен Альбина Бақиева (Шымкент)

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!