1980 жыл. Мәскеу. Әлемдік спорт тарихындағы елеулі оқиға – Олимпиада ойындары. Қазақ намысын қорғау үшін спортшыларымыз ат басын Мәскеуге бұрды. Солардың арасында Жақсылық Үшкемпіров те бар. Қазақ балуанының жеңіске жететініне тек оның жаттықтырушысы Вадим Александрович Писарев қана сенсе, қалғандары үлкен күмәнмен қарады. Міне, айқасатын сәт те келіп жетті. Олимпиаданың жеребе тастау рәсімінің қорытындысы бойынша, қазақ балуаны бірінші белдесуде әлемнің екі дүркін чемпионы Александрумен тартысқа түсетін болды. Үшкемпіров секілді чемпиондыққа үміткерлердің қатарында: румын Александру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештер болған. Бірақ қарсыласын қырғидай қырған қазақ балуаны Жақсылық Үшкемпіров чемпион атанып, осы жарыста күллі әлемге ел атын асқақтатып қайтты. Сол уақытта бозкілемдегі батырдың бұл ісі қазақ атын жер жаһанға танытып қана қоймай, спорттың бұл түріне қазақ жастарының қызығушылығын арттырды.

Мұндай жасөспірімдер қатары Сыр елінде де бар. Нақтыласақ, облыстық №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде де осындай спортшы жастар өсіп, шыңдалуда. Талай бозкілем батырларын шығарған қасиетті шаңырақта алып палуандар қатары көбеймесе, сиреген емес.

2011 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан мектептегі грек-рим бөлімінен талай дарынды палуандар қанат қақты. Сонау есік ашқан уақытынан есептеп қарайтын болсақ, бүгінгі күнге дейін балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында дене шынықтыру, сауықтыру спорттық- бұқаралық жолға қоюға бағытталған облыстық байқаудың нәтижесінде І орыннан түспей келеді. Мәселен, өткен жылы ел чемпионаттарында 188 медаль иеленген спортшылар, Азия мен Әлем біріншіліктерінде 45 медальді ел қоржынына салған. Мұның барлығы білікті бапкерлердің еселі еңбегі, спортшылардың қайсарлығының жемісі деп түйсек артық емес.

Шәкірттері шыңға шыққан шеберхана

Қазіргі күні барлығы 84 бала жаттығатын грек-рим бөлімінде 4 бірдей бапкер жұмыс жасайды. Шетінен сен тұр, мен атайын. Өткен жылдың өзінде жоғары санаттағы бапкерлер Азамат Сатыбалдиев пен Азамат Ауешов, 1 санатты Жәнібек Керімбердиев пен Нұрбол Бағдәулет баулыған шәкірттер талай додаларда топ жарып, оқ бойы озып келді. Тәжірибелі мамандардан тәрбие алып жатқан спортшы жастардың болашағын осыдан-ақ бағамдай беруге болады.

– Қазақ елінің спорттағы, оның ішінде грек-рим күресіндегі деңгейін сіз бен біз жақсы білеміз. Осы күнге дейін талай бәсекені бағындырып, әлем назарын бұрғыздық. Тек кейінгі уақыттары Олимпиада ойындарында сәттілік жолдас болмай жүр демесеңіз, Азия мен Әлем біріншіліктеріндегі бәсіміз әлде қайда биік. Сондай байрақты бәсекелерде бас идірмей кететін спортшылар қатарын біздің Сыр спортшылары толықтырады. Бізде бірінің ізін бірі жалғап, мықты жастар тәрбиеленіп келеді. Алға қойған жоспарларымыз өте көп. Барлық жаттықтырушылар үнемі ақылдасып, бірлесе жұмыс жасап келеміз. Сәтін салса қазақ елінің туын көкке көтеретін жастар тәрбиеленіп шығады, – деді бапкер Азамат Сатыбалдиев.

Спорт мектептің мәртебесін арттырып, жеткен жетістігін тізбектегенде ондағы грек-римнен бөлек спортшы жастарды баулитын бөлімдерді айтпай кете алмаймыз. Нақтыласақ, спорттың 16 түрі бойынша балаларды кәсіби түрде бағыттап келе жатқан мектепте ауыр атлетикадан 116 спортшыны 4 бапкер баулып келеді. Сондай-ақ әйелдер күресінен – 2 жаттықтырушы, 66 спортшы, байдарка мен каноэде есуден – 1жаттықтырушы, 15 спортшы бар. Оған бокстан – 4 жаттықтырушы мен 112 спортшыны, дзюдодан – 5 жаттықтырушы мен 183 спортшыны және еркін күрестен 148 жасты шыңдайтын 4 бапкерді қоса аламыз.

Шәкірттері шыңға шыққан шеберхана

Мектеп шыңға шығатын спортшыларды шығаратын шеберхана десек, өзге де спорт түрлеріне тоқталмай кете алмаймыз. Себебі әрбір бөлімнің жетістігі бір төбе. Мәселен, қазірдің өзінде көркем гимнастикада – 121, стенд атудан – 80, таеквондодан – 114, каратэден – 78, кикбоксингтен – 48, самбодан – 120, шахматтан – 122 және қазақ күресінен 115 спортшы облыс қана емес, республика мен әлемде ел намысын абыройлы қорғап келеді.

– Білікті спортшыларды дайындауды мақсат еткен мектепте жыл бойы тұрақты оқу-жаттығу сабақтарын өткізу үшін бар жағдайды жасайды. Облыстың, республика құрама командасына қосылып, Олимпиада ойындарында бақ сынайтын спортшыларды шығаруды жалғастыра береді. Бастысы, алға қойған жұмыстарымызды жүйелі түрде жалғастыра береміз, – деді мектеп директоры Берік Қасымбеков.

Шынын айтайық, бұл біздегі 1 ғана мектептегі көрсеткіш пен бозкілемде тартысып жүрген батырлар шыққан шыңның бір парасы ғана. Тізе берсек тоқтау жоқ. Мерейімізді тасытып жүрген спортшы жастарға қандай алғыс жаудырсақ та жарасады. Салауатты өмір салтын ұстанған жандардың әлі талай биікті бағындырып, қуанышқа бөлейтіні сөзсіз.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!