Астанада 10 қыркүйек күні жолға шыққан «Шахмат керуені» екі айдың ішінде 14 мың шақырым жол жүрді. Барлық қаланы аралап, жартылай финалда 1800 партия ойналып, 400 шахматшы 60 күн бойы өзара бақ сынасты. Мақсаты – шахматқа қызығушылықты ояту, әр қалада шахмат орталығын кеңейтіп, насихаттау. Қазір кез келген қалада ҚШФ филиалы бар. Ойынды үйренгісі келген балаларға әрдайым есік ашық.
Жарыс Көкшетауда басталып, Ақтау қаласында аяқталды. Керуен еліміздің түкпір-түкпірінен келген шахматшылардың басын біріктірді. Бір қызығы, ойын жылжымалы киіз үйдің ішінде өтті. Әр қаланың жеңімпазына «Қыздар арасындағы үздік нәтиже», «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы», «50 жастан асқандар арасындағы үздік қатысушы» деген сыйлық берілді. Керуенді әр қала қуана қарсы алыпты. 11 айналымнан тұратын блиц-турнирде жүлделі орын алған үш үздік шахматшы 10 қараша күні Түркістанда өткен бас шахмат турнирінде өз аймағының намысын қорғаған. Ақтық сында жиырма қаладан 60 әуесқой шахматшы бақ сынады. Сүлейман Ахмет ІІІ орын алса, Борис Черкасов ІІ орын, Нұрмұхаммед Қабиназар І орын алып, 5 млн теңге ұтып алды. Ол Алматыдағы Білім инновация лицейінде 7-сыныпта оқиды.
«Шахмат керуені» өте жоғары деңгейде өтті. Жобаның мақсаты – үлкенді де, кішіні де шахматқа тарту. Жоба мақсатына жетті деп айта аламын. Нұрмұхаммед турнир бойынша өзін өте байсалды ұстады. Шешуші кезеңде қобалжыды. Әрине, уайымдап отырдым. Турнир бойы лидер болып келіп, ақтық сында жеңіліп қалар ма екен деп қорықтым», – дейді анасы Нұргүл.
Чемпионды жеңісімен құттықтап, әңгімелескен едік.
– Ойын жылжымалы киіз үйде өтті. Керегесі жартылай ашық, спортшының ойына кедергі келтірмейді. Шахмат тақтасының артында не болып жатқаны көрініп тұрады. Шахматты алғаш рет төрт жасымда анам үйретті. 1-сыныпта жарты жылға жуық мектептегі тренерден сабақ алдым. Сосын Жансая Әбдімәлік академиясының шәкірті атандым. Алғашқы тренерім – Мейіржан ағай. Одан кейін Александр Кашашвили жаттықтырды. Қазіргі тренерім – Артур Чибухчян. Шахматты жақсы көргендіктен шығар, үйрену қиын болған жоқ.
Ойын болғасын бірде жеңіп, бірде жеңілесің. Жеңілген ешкімге ұнамайды. Бірақ әрқашан соңына дейін берілмеу керек. Шахматтан ата-анамның хабары бар, ойнай алады. Ортаншы інім Асанәлі де ойнайды. Жарыстарға жиі қатысам деп айта алмаймын. Мүмкін болса, тәжірибе алу үшін қатысуға тырысамын. 2019 жылы Түркияда 9 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында бақ сынадым. Былтыр Грузияда 12 жас санаты бойынша Кадеттер арасында әлем чемпионаты, Арменияда өткен халықаралық «Мемориал Карен Асриян» турнирінде, Петросян атындағы жас шахматшылар фестивалінде, Сербияда өткен «Парачин», «Мемориал С.Глигорич» сынды дәрежелі жарыстарда мықтылармен ойнап, тәжірибе жинадым. Биыл Грекияда өткен мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатында 4-орын және Ташкентте өткен Азия чемпионаты бесінші және жетінші орын алдым.
«Шахмат керуеніне» қатты дайындалдым дей алмаймын. Қарсыластарымның арасында бұрын да ойнап жүрген оқушылар болды. Ойын өзім ойлағандай өтіп, тек кейбірі ғана қиын болды. Сыйлығымның бір бөлігін инвестиция жасаймын, қайырымдылыққа жұмсаймын. Қалғанын әкеме беремін және өзіме жұмсаймын. Алда Қазақстан чемпионаты бар.
Керуенде мықты ойыншыларды көрдік. Шахмат жасқа қарамайды. Мысалы, үнді-американдық шахматшы Абхиманю Мишра – шахмат тарихындағы ең жас гроссмейстер. Бұл атаққа 12 жасында жеткен. Он жасында ең жас халықаралық шебер атағын алды. Энрико Паоли – 88 жасында гроссмейстер атанған итальяндық шахматшы, халықаралық шебер. Шахматқа қызығатын достарымды ойынға шақырамын, – дейді Нұрмұхаммед.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!