Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров мұз үстінде мінсіз өнер көрсетіп, ақпарат айдынындағы басты тақырыпқа айналды. Әсіресе әлемдік БАҚ өкілдері су жаңа чемпион туралы жарыса жазып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Финалға шыққан алты спортшының бесеуі өнер көрсетіп жатқанда сүрініп, ұпай жоғалтты. Солардың қатарында бәйгенің басты үміткері саналған америкалық Илия Малинин де болды.
Ал Шайдоров асқан байыппен, өнерін сәтті көрсетіп шықты.
Қытайдың халықаралық телеарнасына берген эксклюзив сұхбатында (CGTN) Михаил Шайдоров алтын аламын деп ойламағанын айтады.
«Мен бағалар тақтасын көрмедім. Жалғыз ғана аңғарғаным – менің елімнің байрағы басқалардікінен биік тұр екен. Жеңіске жеткенімді сонда ғана түсіндім», дейді ол.
Шайдоровтың бұл жетістігі Қазақстан спортының тарихында айрықша орын алып, ел мерейін үстем етті. Оның табысы тек бір жарыстың жеңісі ғана емес, тұтас ұлттың рухын көтерген айтулы оқиға ретінде бағаланып отыр. Себебі бұл еліміздің қысқы Олимпиада ойындарындағы соңғы 32 жылдағы тұңғыш алтын медалі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!