Өткен аптада арқа төрінде бокстан әлем кубогы өтті. Бокс сүйер жанкүйер бөркін көкке атып, әрбір рингке көтерілген қазақ баласы үшін тақым қысты. Аренада ине шаншыр орын болмай, Санжар Тәшкенбайға тамсанып, Бекзат Нұрдәулетовке болысып, Виктория Графееваның камбэгін тік тұрып тамашалады. Мұны көрген шет елден келген қонақтар қазақ боксын алып державаға тектен-тек теңемейтінін түсінді.

БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕДЕ БІРІНШІ ОРЫН

Бұл бәсекеден бөлек, бұған дейін талай төрткүл дүние көз тіккен турнирлер өтіп жүр ғой. Соның барлығында дерлік қазақ боксшылары алдыңғы орыннан түскен емес. Сол секілді кешегі өткен жарыста ел қоржыны 8 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен байыды. Осылайша ұлттық құрамамыз жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Ерлер арасында 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай топ жарса, Назым Қызайбай 48 келіге дейінгі салмақта дес бермеді. 55 келіде Махмұд Сабырхан ұрандатса, 60 келіде Виктория Графеева ерледі. 75 келіде Сабыржан Аққалықов алдына қара салмады, 70 келіде Наталья Богданова да жеңіске жетті. 85 келі салмақта Бекзад Нұрдәулетов алтыннан алқа тақса, 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай ел үмітін ақтады. Ал Алуа Балқыбекова (51 келі), Елдана Тәліпова (+80), Надежда Рябец (75 келі) қанжығасына күміс байласа, Нұрбек Оралбай (80 келі) да тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі) қола жүлде иеленді.

Ел спортынан, оның ішінде бокстан хабар тарататын спорт журналисі Аслан Қаженов бұл жолы да бәсекенің басы-қасынан табылып, барлығын дүйім жұртқа баяндап отырды.

– Қазақстан құрамасы Астанада әлем кубогында рекордтық деңгейдегі медальді жеңіп алды. 8 алтын – жоғары көрсеткіш. Менің білуімше, бұған дейінгі көрсеткіш – 5 алтын. Астанадағы турнирде 16 спортшы жеңіс тұғырына көтерілді. Біріншіден, бұл – тарихи жарыс. World Boxing турнирі аясындағы әлем кубогы кезеңі – маңызды аламан. Екіншіден, қазақ жанкүйерлері осындай атой салар турнирді сағынды. Бұған дейін Азия чемпионаты, әлем чемпионаты әртүрлі деңгейдегі халықтаралық жарыстарды отандық телеарналар тікелей эфирден көрсетпейтін. Төрткүл дүние қазақтың боксты қалай жақсы көретінін, барынша қолдайтынын, жарыстарды ұйымдастыру деңгейіне куә болды. Талай додадан хабар тараттым. Бұл турнирдің деңгейі Олимпиададан кем емес, тіпті World Boxing ұйымы мамандарының өзі «шок» болды. Биыл жанкүйерлер қозғалысы қалыптасып, бокс десе, ішкен асын жерге қоятындар жиналды. Түскі сағат екіден түнгі сағат онға дейін тік тұрып, қолдады. Финалға Президент келіп, 4-5 кездесу тамашалағанының өзі турнирдің деңгейін көрсетті, – деді ол.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы бокстың деңгейі тым бөлек болды. Алғашқы күннен-ақ қарасы қалың көрермен барлығын назарда ұстап отырды. Барлық кездесулерді жүргізген комментатор Исатай Мәди де турнирдің деңгейіне, федерацияның жұмысына таңдай қақты. Басқа спорт түрінде де әлем кубогының этаптары, халықаралық турнирден деңгейі жоғары турнирлер әрдайым қызығушылық тудыратынын айтты. Сондай- ақ бұл ішкі бәсекені арттыруға көмектесетінін айтып, боксшылар деңгейін көтеріп, еліміз әуесқой бокс державасы екенін еске салар дода екенін де тілге тиек етті.

Бәрін қойшы, біздің спортшылар іріктеу не финал деместен жанын салып жұдырықтасты. Әсіресе ақтық сындағы Санжардың жеңіс сальтосы, Сағындықтың іріктеудегі жарқын сәттері, Викторияның соңына дейін жан алысып, жан беріскені жанкүйерлердің жадында. Сарапшылар да қыздар арасындағы үздік финалист ретінде Виктория Графееваны мойындады. Оның жеңіліп жатып, қарсыласынан жеңісті жұлып алғаны үздік екенін көрсетті. Ал ерлер арасында Бекзат Нұрдәулетовтің жұдырықтасуы көпті қайран қалдырды. Өткен Әлем чемпионатыннан кейін өзін жоғалтқандай көрінген спортшы түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, өз мәнерін қайта тапты. Қарсыласын төпелеп, білгенінен жаңылған жоқ. Шапшаң қимыл, сақ қозғалыс пен дәл соққы оның жеңіске жетеледі. Тіпті сол сәтте көзі қарақты көрермен шаршы алаңнан Нұрдәулетовті емес, Саттархановты көргендей күй кешті.

ЖАНКҮЙЕРЛЕРДІҢ ЖАНЫ АШЫДЫ…

Турнирдің басты сенсациясы – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайдың финалдағы жеңілісі. Мұндай нәтижені расында ешкім күтпеді. Нұрбек ұзақ үзілістен соң әлемдік аламанға оралған-ды. Финалдың алдында екі жекпе-жек өткізбегені тағы бар. Өйткені қарсыластары кездесуге шығудан бас тартқан. Яғни, оның қарсыласты зерттеуге, тактика қойып, физикалық және психологиялық түрде шыңдалуға уақыты болған. Өкініштісі сол, Нұрбектен халық алтын күтті және алатынына нық сеніммен қарады. Алайда бұйырмады. Енді ол алдағы Англияның Ливерпульінде өтетін Әлем чемпионатында өзін дәлелдеуі керек болады.

Бокстан ұлттық құрама маңайындағы бітпейтін «текетірестің » бірі – Абылайхан Жүсіпов пен Төрехан Сабырхан арасындағы бәсеке. Дау неден басталды десеңіз, 70 келі салмақта турнирде бақ сынаған Жүсіпов шаппай жатып, аламаннан шығып қалды. Себеп – жарақаты жазылмай, жарысқа қатысқаны. Ол осыдан бір ай бұрын Эйдховен турнирінде жарақат алған. Ал Астанадағы жарысқа қатысқанында екі турнирдің арасы үш-ақ апта болған екен. Ал сол кездегі қабағынан алған жарақаты жазылып үлгермеген. Сол үшін маман Әлем чемпионаты алдында қос боксшы арасында спаринг өткізіп, шын мықтының топқа түскенін қалайды. Комментатордың айтуынша, Төрехан Сабырхан ересектер арасында кіл мықтымен күш сынасса да, жеңіске жетпеген. Мысалы, 70 келідегі өзбек мықтысы Асахужа Муйдинхужаев сияқты осы салмақтағы дүлдүлмен бетпе-бет келмеген- ді. Сондықтан Абылайхан мен Төреханның қайсысы жеңсе, сол алдағы аламанға барғанын құп көріп отыр.

– Әлеуметтік желіде Абылайхан мен Төрехан туралы көп талқыланып жатыр. Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов бұл бас бапкердің шешімі екенін, Қайрат Сатжанов осы турнирден кейін жауап беретінін айтқан. Сәйкесінше, біз де бас бапкердің қателігі деп ойлаймыз. Абылайханды жарыс басталмай тұрып, екі-үш күн бұрын көрдім. Қабағындағы жарақатын байқадым. Бапкерлер құрамында бір күн қалғанша таңдау болды. Олар Абылайханды қалдырды. Қабағының толық жазылмағанын біле тұра рингке шығарған бас бапкер және медицина маманына сұрау салу керек. Өкініштісі, Абылайханның денсаулығына кері әсер етті. Бар әлеуетті дұрыс пайдаланып, алдағы жарыстарда резервке де жүктемені тең бөлсек деген ұсыныс бар. Абылайхан қандай шешім болса да, бапкер шешімін қолдайтынын айтты. «Төреханға жолыңды бер» деп жатса, дайынмын деп отыр. Ал Төреханның өзі әлі де нейтралды көзқараста жүр. Оған жас та болса, Әлем чемпионы атануға тапсырмас мүмкіндік туып тұр, – дейді спорт журналисі Аслан Қаженов.

Не керек, халық дүрліккен шешім ақырында қыркүйек айында қабылданды. Одан бұрын оларды екі жаттығу күтіп тұр. Ал құрамадағы орнын нақ бекітіп, турнирде өзін көрсеткен – Сабыржан Аққалықов болды. Сарапшылар турнир жаңалығы да, үздік бокшысы да осы деп отыр. Өйткені Аққалықовтың финалда аутсайдер екенін айтқан көп болды. Жанкүйер де оның алтын арқалайтынына сенбеді. Бірақ ол жеңісті жұлып алғанымен қоймай, сауатты жұдырықтасып, ерекше қарым-қабілетімен көзге түсті. Мамандар осы қарқыннан таймаса, оның Әлем чемпионатында атой салатынына сенімді.

– Боксшының бәрі – бір төбе. Тәшкенбайдан бастап, Оралбайға дейін салмағы бар, атағы бар боксшылар. Солардың арасында Аққалықовты ерекше атап өткім келеді. Өткен жылы ғана 70 келі салмақта жүрді. Биыл Абылайханмен бәсекеге түспеу үшін 75 келіге салмақ көтергенге ұқсайды. Жаңа салмаққа бой үйренісіп, халықаралық турнирде топ жарды. Бірақ жанкүйер назарынан тыс қалды. Меніңше, ол нағыз арқасынан қағып, барынша демейтін спортшы. Сондықтан мен үшін турнир жаңалығы – Сабыржан Аққалықов, – дейді Исатай Мәди.

Қазақ боксы өлген емес, өлмейді де. Қазір бұл спортшылардың алтын дәуірі жүріп тұрғанын мойындауымыз қажет. Оны әлем елдері де мойындап қойған. Бірақ әрбір турнир сайын қыз-жігіттерді шамадан тыс мақтамай, қамшылап отырған жөн болатын секілді. Өйткені болмашыға мастанып, алдағы Әлем, Олимпиада ойындарында сүрініп жатса, өкініш көкесі сол кезде болады. Не де болса шаршы алаңды шулатқан шеберлеріміздің алдағы байрақты бәсекелеріне сәттілік тілеп, көк туымыз көкте желбірейді деген сенімдеміз.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!