SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда өткен Қазақстан Премьер-лигасының 24-туры аясындағы ойын «Қайрат» үшін сәтті аяқталды. Алматылық клуб өз алаңында «Жетісуды» ойсырата ұтып, жанкүйерлерін қуантты.

Кездесу Орталық стадионда өтті. Ойын басында-ақ алаң иелері қарсыласына қысым жасап, тоғызыншы минутта-ақ есеп ашты. Төреші айып алаңында құлаған Александр Мрынскийдің эпизодынан кейін пенальти белгілеп, оны Дастан Сәтпаев дәл орындады.

Көп ұзамай «Қайраттың» легионері Жоржиньо екі гол соғып, дубльдің авторы атанды. Бірінші тайм соңында белорус футболшысы Валерий Громыко Эдмилсонға тамаша пас шығарып, тағы бір нәтижелі шабуылды ұйымдастырды.

Екінші таймда «Жетісу» бапкері Самат Смақовтың командасы қарымта шабуылдар ұйымдастырмақ болды, алайда «Қайрат» толық басымдықты сақтап, ойын соңына дейін сенімді жеңісін қорғап қалды. Қорытынды есеп — 5:0.

Бұл жеңістен кейін алматылықтар 55 ұпай жинап, турнир кестесінде «Астананы» басып озды. Ал «Жетісу» 21 ұпаймен соңғы орындардың бірінде қалып отыр.

Айта кетерлігі, бұл матчта «Қайраттың» қақпасын 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғады. Футбол жанкүйерлері оның «Жетісу» бапкері Самат Смақовтың болашақ күйеу баласы екенін жиі айтып жүр. Бүгінгі есепке қарағанда, Шерхан болашақ қайын атасын біршама «ренжітіп» алған сияқты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!