«Тараз» футбол клубының директоры Дидар Сыдықбек U-19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қақпашысы Шерхан Қалмырзаны алғысы келетінін жасрмады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Клуб басшысы алдағы уақытта алматылық «Қайрат» клубына ресми ұсыныс жасалатынын айтты.
«Біз Шерхан Қалмырзаға қызығушылық танытып отырмыз. Ертең ұсыныс жасап, келіссөздерді бастаймыз. Ол – Жамбыл облысының тумасы», – деп жазды Дидар Сыдықбек өзінің Telegram-арнасында.
18 жастағы Шерхан Қалмырза биыл Қазақстан футболындағы ең танымал жас ойыншылардың біріне айналды. Ол Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Қайрат» сапында «Спортинг» (1:4) пен «Реал Мадрид» (0:5) клубтарына қарсы матчтарда негізгі қақпашылардың жарақатына байланысты алаңға шығып, қақпаны қорғауға мәжбүр болды.
Сонымен қатар Қалмырза 2025 жылы Қазақстанның жастар құрамасы (U-19) сапында Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде үш матч өткізді.
Айта кетейік, өткен маусымда Бірінші лигада өнер көрсеткен «Тараз» клубы чемпионатты турнир кестесінің 8-орнында аяқтаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
