Қытай астанасы Бейжіңде шорт-тректен өтіп жатқан World Tour кезеңінде Қазақстан әйелдер құрамасы қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Kazinform.kz

Қазақстандық қыздар 3 мың метрлік эстафеталық жарыста үздік үштікке ілікті.

Финалда бес команда өнер көрсеткенімен, алдымен Польша құрамасы жарыстан шеттетілді. 

Қазақстандықтар мәре сызығын төртінші болып қиғанымен, қытайлықтар да пенальти алып қалды. Сөйтіп қазақстандық төрттікке қола бұйырды.

Эстафетада Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Яна Хан және Ольга Тихонова ел намысын қорғады.

Канада жеңімпаз атанса, Оңтүстік Корея командасы күміс жүлде алды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы биылғы әлемдік турда (бұрынғы әлем кубогы) алғашқы медаліне қол жеткізді.

Ерлерден Денис Никиша 1 500 метрлік қашықтықта А финалында бақ сынап, алтыншы орынға табан тіреді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!