Олимпиада чемпионы Елдос Сметов 2025 жылғы дзюдодан әлем чемпионатына қатыспайды. Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы Будапештте (Венгрия) өтетін әлем чемпионатына алдын ала құрамды жариялады. Онда Сметовтың қалпына келу кезеңінде екені және Олимпиададан кейін басты турнирге қатыспайтыны айтылған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Титулы көп спортшы қазіргі уақытын сауығу мен өзін дамытуға арнауды жөн көрді. Сонымен қатар, ол 2028 жылғы Олимпиадаға дайындықты жоққа шығармайды», – делінген Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарламасында.

Сонымен қатар, Олимпиада жүлдегері Гусман Қырғызбаев ұлттық құраманың тізіміне еніп, жаңа жүлде үшін күресуге ниетті.

Қазақстан құрамасының дзюдодан 2025 жылғы әлем чемпионатына алдын ала құрамы:

Ерлер
60 кг дейін – Мәжжан Шамшадин, Шерзод Давлатов
66 кг дейін – Гусман Қырғызбаев
73 кг дейін – Есет Қуанов
81 кг дейін – Абылайхан Жұбаназар
90 кг дейін – Мейрлан Максим
100 кг дейін – Нұрлыхан Шархан, Марат Байкамұров
100 кг жоғары – Ерасыл Қажыбаев

Әйелдер
48 кг дейін – Әбиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева
57 кг дейін – Бақыт Құсайынбаева
63 кг дейін – Эсмигүл Құюлова

Сметов Қазақстанға оралды

2025 жылдың қаңтарында Елдос Сметов ағылшын тілін үйрену мақсатында Лондонға аттанған болатын. Ал мамыр айының басында Олимпиада чемпионы елге оралып, Астанада өткен «Үлкен дулыға» турнирінің құрметті қонағы болды.

Айта кетейік, Елдос Сметов — Қазақстан тарихындағы дзюдодан алғашқы Олимпиада чемпионы. Ол 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған.

2025 жылғы әлем чемпионаты

Дзюдодан әлем чемпионаты 13–19 маусым аралығында Будапештте өтеді. Қазақстан атынан жүлдеге таласатын спортшылардың бірі — Ғалия Тынбаева. Бұған дейін Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында ол ауыр жарақатына байланысты спорттағы мансабын аяқтауға жақын болғанын айтқан еді.


Сондай-ақ, Астанада өтетін бокстан Әлем кубогы кезеңінде Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай өнер көрсететіні белгілі болды. Ал парадзюдо бойынша әлем чемпионатында Токио Паралимпиадасының алтын жүлдегері Шахана Гаджиева (Әзірбайжан) көзі көретіндігі анықталып, жарыстан шеттетілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!