Белгілі дзюдошы Елдос Сметов Астанада өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысынан кейін отандастарына жүрекжарды лебізін жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ол жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қазақстандық балуандарға жанкүйер болудың өзі зор мақтаныш екенін жеткізді.
Қазақстанға оралып, елімізде үшінші мәрте өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына қатысып, бауырларыма жанкүйер болып келдім. Grand Slam дәрежесі биыл былтырғыдан да жоғары деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың турнирге арнайы келіп, отандық балуандардың белдесуін тамашалауы біз үшін үлкен мәртебе. Біз, дзюдошылар, Федерация тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды нақты сезінеміз. Алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауды жалғастыра береміз, – деп жазды спортшы.
Естеріңізге сала кетейік, 9–11 мамыр күндері Астана қаласында өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасының дзюдошылары жалпы саны 9 медаль жеңіп алды. Оның ішінде — 3 күміс және 6 қола жүлде бар. Әсіресе, Елдос Сметов ерекше атап өткен 60 келі салмақ дәрежесінде жас балуандар жақсы нәтиже көрсетіп, «қазақтың салмағы» деген атақтың абыройын сақтап қалды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!