фото: Yu Chun Christopher Wong / Eurasia Sport Images / Getty Images
Ол «Тоттенхэм» сапында 2015 жылдан бері ойнайды. Ағылшынның «Тоттенхэм Хотспур» клубының оңтүстіккореялық шабуылшысы Сон Хын Мин Сеулде өткен баспасөз мәслихатында команданың қатарынан кететінін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме «Ньюкаслмен» өтетін жолдастық матч қарсаңында жасалды, деп хабарлайды 1bol.kz.
Футболшы өз сөзінде осы жазда «Тоттенхэммен» қош айтысу туралы шешім қабылдағанын айтты. Бұған дейін Сонға АҚШ-тың МЛС лигасында өнер көрсететін «Лос-Анджелес» клубы ресми ұсыныс жасағаны хабарланған болатын.
«Бұл – менің спорттық мансабымдағы ең ауыр шешім. Өмірімдегі керемет естеліктер осы клубпен байланысты. Бұл шешімді қабылдау маған оңай болған жоқ. Өзімді одан әрі дамыту үшін жаңа орта қажет екенін сезіндім. Аздап өзгеріс керек – 10 жыл деген аз уақыт емес. Солтүстік Лондонға келгенде бар-жоғы 23 жастағы бала едім, ал енді бұл клубтан ересек әрі бойын мақтаныш сезімі кергеген ер адам болып кетіп барамын. «Тоттенхэм» жанкүйерлеріне шексіз алғыс айтамын. Сіздердің маған көрсеткен махаббатыңыз ешқашан ұмытылмайды. Бұл қоштасу дәл уақытында болады деп үміттенемін. Қабылдап, түсіністікпен қарасаңыздар екен», – деді Сон Хын Мин клубтың ресми сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Сон Хын Мин «Тоттенхэм» сапында 2015 жылдан бері ойнайды. Осы уақыт аралығында ол клубпен бір рет Еуропа лигасын жеңіп алған. Оның ағылшын клубымен келісімшартының аяқталуына әлі бір жыл бар еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!