Спортты жанына серік еткен адамның шымыр болатыны белгілі. Сондай-ақ денсаулығында кінәрат болмайды. Күнделікті жүгіруді, саламатты өмір салтын қалыптастыруды әдетке айналдырған спортшынв ішімдік пен шылымға әуес адаммен әсте салыстыруға келмес. Осындайда “шынықсаң шымыр боласың” деген сөз еске түседі.

Расында спорт – денсаулық кепілі. Бала кезден спортты жаныма серік еттім. Күнде азанда жүгіруді, жаттығулар жасауды дағдыға айналдырдым. Ақырында мұны мамандық етуді армандадым. Бүгінде оқушыларды спортпен шұғылдануға баулудамын. Ғаламтордың көмегімен көптеген жаттығуларды көруге болады. Солардың ішінен іріктеп, оқушыларға қажеттесін таңдаймын. Күнделікті жаттығуларыма жаңадан идеялар қосамын. Оқушыларды жарысқа қатыстырып, жүлдегер болуға жетелеймін.

    Спортпен тек спортшылар айналысу керек деген қағида жоқ. Себебі денсаулығын ойлайтын, шымыр болғысы келетін адамдар спортты серік еткені абзал. Денені аз қозғалту, күнделікті жүгірмеу, гимнастика жасамау, бір сөзбен айтқанда, қозғалыссыз жүретін адамдар аз өмір сүретінін ғалымдарда дәлелдеген. Мәселен, спортпен аз шұғылдану май басу, гипертония, диабет, тіпті рак ауруына шалдығуы мүмкін.

Денсаулықты жақсарту үшін күндіз-түні спортпен шұғылдану міндетті емес. Тек күнделікті өміріңізді сүзгіден өткізіп, жоспарлаңыз.  Оның ішінде азанда жарты сағат жүгіру мен, бассейнге баруды кіргізіңіз, келесі күні тағы да жүгіру мен фитнес залды қосыңыз. Сосын үшінші күнге жаттығу. Осылай бір апталық жоспармен жұмыс жасасаңыз денсаулыққа әсері көп. Сондай-ақ таза ауада жаяу жүруді ұмытпаңыз. Бұл сіздің қозғалысыңызды жеңілдетіп, денсаулығыңызды жақсартуға көп септігін тигізеді.

Адамдар арасында кабинетте отырып жұмыс істейтіндер көп. Олардың түскі үзілістен басқа уақыты болмайды. Күнделікті компьютердің алдында отыруға мәжбүр. Ал ол денсаулыққа кері әсер етеді. Сондықтан  мұндай кісілерге көп қозғалыс керек. Мәселен, омыртқа қисаяды, мойынның да тамырлары білеуленеді, бұл жүйке жүйесінің әртүрлі ауруларына алып келеді. Сондықтан  ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының 5 кеңесін оқырмандарға ұсынғым келеді. 

1. Бір сағат сайын буындарды жазып, денедегі қан айналымын жақсарту үшін жұмыс орнынан тұрыңыз. Тіпті алғашқы кезде оятқыш қойып, сол бойынша аздап керіліп-созылуға болады, сонымен бірге ағзадағы сұйықтықты толтыру керек. Мысалы, кулерге дейін және кері қарай жүріңіз.

2.  Егер жұмыс көп болып, көңіл бөлу мүмкін болмаса, тура жұмыс орнында жеңіл жаттығу жасаңыз: басты еңкейтіп, иықты айналдыру, аяқты сәл көтеріп, бірнеше рет айналдырып қозғалтыңыз.

3. Кешке қарай жұмыс үстелінде ыңғайсыз күйде ұзақ уақыт отырғаннан арқа ауыруы мүмкін. Жұмыста үзіліс кезінде қабырғаға жақындап, арқаңызбен сүйеніп тұрыңыз. Кем дегенде екі минут.

4. Белдің ауыруын жеңілдету үшін орындықты үстелден жылжытып қойыңыз да, отырған бойы аяқты созып, соған қарай тартылыңыз. Осы жаттығу кезінде бүкіл денені, әсіресе, мойынды бос ұстауға тырысыңыз. Сонымен қатар мүмкіндігінше бұрылып, иіліңіз.

5. Кеңседе ғана емес, күнделікті өмірде де көбірек қозғалыс жасауға тырысыңыз. Лифттің орнына баспалдақпен жүріңіз, көлікті кеңседен алыс қойыңыз немесе жаяу жүру үшін автобустан аялдамаға жетпей, бұрынырақ түсіп қалыңыз.

Ербол ҚҰЛЫМБЕТОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!