Бүгінгі таңда спорт адамзат тарихында болмаған маңызға ие. Заманауи технологиялардың күннен-күнге адам еңбегін алмастыруына байланысты белсенді өмір қағидалары бірте-бірте ұмытылып бара жатқаны өтірік емес. Спортсүйер қауымның азаюының орынды себептері бар, алайда кез келген мәселені шешуге болатынын ұмытпаңыз! Сол себепті бұл мақалада көпшіліктің белсенді өмір сүруіне тосқауыл болып жүрген кедергілер және спортпен тұрақты түрде айналысу жолы ұсынылатын болады.
Күнделікті спортпен айналысуға кедергі келтіретін алғашқы мәселе – бос уақыттың жетіспеушілігі. Күнделікті қауырт тіршілікпен өз-өзімізге көңіл бөлуді ұмытып кетіп жататынымыз рас. Жоспарсыз келетін шұғыл шаруаларды, мерзімі тақап қалған жұмысты орындап жүріп, күніміздің қалай өткенін де аңғармай қаламыз. Бәрімізге күніне бірдей уақыт – 24 сағат берілетінін ескере отырып, уақыттың жетіспеушілігі спортпен айналысуға кедергі болмайтынын ұғындым, себебі сіз өз уақытыңыздың қожайынысыз!
Кейбір адамдардың уақытынан бұрын берілуіне себеп болатын екінші мәселе – нәтиженің кеш келуі. Барлығымыз қысқа мерзімде үлкен жетістіктерге жетуге асығамыз, бірақ алға қойған мақсат ұзақ еңбекті талап ететінін кей жандар түсіне бермейді. Жаттығудан кейін бірден таразыға жүгіретіндер де аз емес. Алайда ол өз нәтижесін беру үшін кем дегенде 2 апта уақыт керек. Артық салмақтан арылу үшін спортпен шұғылданып жүрген адамдарға тек белсенді жаттығулардан бөлек, ұйқының толыққанды болуы, тамақтану рационын қатаң сақтау сияқты факторлар әсер етеді. Айтылған талаптарды ескермей, жоспарлаған көрсеткішке жете алмауын спорттың пайдасыздығы деп түсініп, орта жолда берілетіндер де жетерлік.
Алдымен спортпен айналысуға себеп табыңыз. Әр адам спортпен әр түрлі мақсатпен айналысады. Біреулер денсаулығын нығайтқысы келеді, кейбіреулер физикалық көрсеткішін арттырғысы келсе, енді біреуі артық салмақ тастауды көздейді. Бірақ, спортпен айналыспас бұрын, өзіңізден «Менің спортпен айналысудағы мақсатым не?», «Ол мақсатқа жету үшін не істеуім керек?», «Мен сол асуды бағындыру үшін, кей нәрселерден бас тарта аламын ба?» деген сауалдарға жауап алыңыз. Өзіңіздің қалауыңызды тапқаннан кейін, сіз таңдаған салада жеңіске жеткен адамдардан кеңес алғаныңыз жөн. Барлық адамдардың мүмкіндіктері бірдей, яғни ол адам мақсатына жете білсе, сіздің де қолыңыздан келері сөзсіз! Ең бастысы – өзіңіздің жолыңыздан ешқашан таймаңыз. Тіпті сол мақсатқа жету үшін кейбір нәрселерден бас тартуға тура келетінін есіңізден шығармаңыз, себебі сіздің кей қылықтарыңыз алға қойған жоспарыңызға қайшы келуі мүмкін. Ештеңе оңайлықпен келмейді, сондықтан алдағы уақытта кездесетін қиындықтарға төзе біліп, болашақта қанша тер төгу керектігін ойлаудың орнына бір кезек артыңызға қарап, қаншама тосқауылдардан өткеніңізді еске түсіріп, сәтсіз сәттеріңіз үшін өзіңізді сынамаңыз. Оған қоса жоғары көрсеткіштерге жету үшін де демалыс керек.
Анық берілген пәрмен сізді тек алға жетелеп, кедергі келтіретін факторларды елемей, көздеген көрсеткішіңізге жеткізеді. Тек алға қойған жоспарыңызды орындағаннан кейін ғана жаңа асуларды бағындыруды көздеңіз. Қолыңыздан барлығы келетінін өз көзіңізбен көре отырып қана биік белестерге ұмтылуға болады!
Мақсатыңыз ұқсас жандармен спортпен айналысу – жоғары нәтиженің кепілі. Кез-келген адамға, тіпті чемпиондардың өзіне қолдау керек. Айтып өткеніміздей, сәтсіздіктер кез келген уақытта, кез келген жерде болады. Кей жеңілістер сіздің көңіл-күйіңізді түсіріп, бастаған жолыңыздан тайдыруға итермелеуі мүмкін немесе кей күндері спортпен айналысуға зауқыңыз соқпауы ықтимал. Осындай кезде сізге қолдау көрсетіп, аяғыңыздан тік тұрғызатын серіктесіңіз болғаны абзал. Ол міндетті түрде жаттықтырушы немесе спортшы болуы міндетті емес. Бауырыңыз, достарыңыз тіпті әлеуметтік желідегі сіздің мақсатыңызды бөлісетін адам да сізге серіктес бола алады. Бірақ қойылатын тағы бір талаптардың бірі – серіктесіңізді ойланып таңдаңыз. Ол кез келген адам болғанымен, еріншектердің ертеңі бітпейтінін ұмытпаңыз! Барынша сізге қарағанда тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары адаммен ешқашан сан соғып қалмайсыз. Өрге жетелейтін жолдас қана өміріңізге қатаң тәртіп пен тәтті жеңіс алып келері сөзсіз.
Күніңізді жоспарлау да тұрақты спортпен айналысуға көмек. Аталған тәсіл сізге тек белсенді өмір сыйлап қана қоймай, өміріңіздің барлық саласын сапалы деңгейге көтереді. Күніңізді жоспарлау дегеніміз – сізге күн сайын берілетін 1440 минутыңызды максималды өнімді пайдалану, соның ішінде бірінші байлық – денсаулығыңызды шынықтыру үшін ауадай қажет құрал спортқа көңіл бөлу. Спортшылар жұмыс кестеңіз аса тығыз болса, жаттығумен таңертең айналысуға кеңес береді. Әр таңыңызды қуанышпен қарсы алатын болсаңыз, спортқа деген сүйіспеншілігіңіз арта түсетіні хақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!