Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті – Қазақстандағы беделді білім ордаларының бірі. Кейінгі кезде бұл жоғарғы оқу орнының оқ бойы озып, жыл санап дамып келе жатқанын байқаймыз. Осы ретте Қорқыт ата университетінде білім алып жатқан студенттердің, білім, ғылым, тәрбие, мәдениет пен спорт һәм өзге салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріне, әсіресе спорт бағытына шолу жасауды ұйғардық.

1937 жылы құрылған университет қазір 5 институт пен 24 кафедра бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Мұнда 550-ге жуық профессор-оқытушы, 10 мыңнан астам студент бар. Университет жастардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп, мәдени-рухани және спорттық мүмкіндіктерді қамтамасыз етіп келеді.

Қорқыт ата университеті тақырыбымызға арқау болған спорт саласының дамуына ерекше назар аударады. Мұнда студенттердің денсаулығын нығайту мен олардың спорттық қабілеттерін шыңдау үшін барлық жағдай қарастырылған. Университетте 13 спортс секциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар студенттерге 6 заманауи спорт және фитнес залы, 1 жүзу бассейні, 4 ашық ойын алаңы, алғашқы әскери дайындыққа арналған саптық алаң қолжетімді.

«Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені – университеттің басты спорттық құрылымы. Оның негізгі мақсаты – студенттер мен оқытушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыру. Бұл кешен университеттік, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі спорттық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады.

«Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер заманауи мультимедиалық құрылғылармен жабдықталған аудиторияларда оқиды. Факультет әлемдік деңгейдегі спортшыларды дайындауға бағытталған. Қазіргі таңда университетте әлем чемпионатының 9 жеңімпазы, Азияның 27 жеңімпазы, Қазақстан біріншілігінің 120 жеңімпазы білім алуда. Бұл көрсеткіш университеттің спорт саласында жоғары деңгейде екендігін дәлелдейді.

Университет спортшыларының жетістіктері айрықша мақтауға лайық. Мәселен, XII Жазғы Универсиада қорытындысы бойынша, Қорқыт Ата университетінің спортшылары үздік ондыққа еніп, 37 медаль жеңіп алды. Солардың бірі – Ерасыл Бекболат. Дене шынықтыру және спорт мамандығының 3 курс студенті Ерасыл – университеттің мақтанышы. Ол каратэ-додан әлем чемпионы, Қазақстан чемпионатының екі дүркін чемпионы, республикалық турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Сондай-ақ каратэ-додан спорт шебері атағына үміткер.

Ерасылдың спортқа деген қызығушылығы мен табандылығы оны үлкен белестерге жетелеп, оқу қабырғасына үздіктер қатарынан табылып келеді.

Ел байрағын көкке көтеріп жүрген спортшылардың қатарында Әлижан Алматов есімді азамат та бар. Дене шынықтыру және спорт мамандығының 3 курс студенті Әлижан Мамыржанұлы грепплинг спортынанҚазақстан, ашық Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы және күміс жүлдегері. Әлем чемпионы атағын алған ол үлкен жетістіктерін облыстық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы болып бастаған. Панкратионнан Қазақстан кубогының чемпионы, сондай-ақ грепплинг пен панкратионнан спорт шебері атағына үміткер.

Әлижанның айтуынша, университет спортшыларға керемет қолдау көрсетеді. Спорттық жарыстарға дайындалуға қажетті жағдайлар жасалып, мотивация беретін шаралар ұйымдастырылады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті өңір студенттердің спорттық әлеуетін дамытуда ерекше үлес қосып келеді. Заманауи инфрақұрылым, білікті жаттықтырушылар мен жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндіктері – осының бәрі университет спортшыларының жетістікке жетуіне негіз болады. Бұл университеттің спорт саласында ғана емес, жастарды жан-жақты дамытуда айқын рөл атқаратындығының белгісі.

Айнұр ДОСЖАНОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
3 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!