Болгария астанасы София қаласында бокстан өтіп жатқан дәстүрлі Страндж кубогында 18 қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда уақытымен сағат 18:00-де басталатын күндізгі сессияда тоғыз бұрымды боксшымыз шаршы алаң көрігін қыздырмақ. Атап айтсақ, 50 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай, 54 келіге дейінгі Балауса Мұздиман, 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дина Жоламан, 57 келіде Карина Ибрагимова, 60 келіде Римма Волосенко шаршы алаңға шығады. Ал 60 келіде Айдана Забынбекова, 66 келі салмақта Мадина Нұршаева мен Дариға Шәкімова сынға түседі. Сондай-ақ, 75 келіге дейінгі санатта Надежда Рябец ел намысын қорғамақ. Ал 22:00-де басталатын кешкі сессияда жігіттеріміз шаршы алаңға шығады. Онда 48 келіде Санжар Ташкенбай мен Даниял Сәбит, 51 келі салмақ дәрежесінде Дамир Әбдіқадыр мен Тимур Қабдешов жұдырықтасады. 60 келі салмақта Василий Самчук, 65 келіге дейінгі боксшылар арасында Нұрқанат Райыс сынға түседі.

Сондай-ақ, 72 келі салмақ дәрежесінде екі қазақстандық боксшы Ермахан Жақпеков пен Қуан Қуатов бір-бірімен қолғап түйістірмек. Сонымен қатар аса ауыр салмақта Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады. Аталған халықаралық турнирге 36 елден 450 боксшы қатысып жатыр. Олардың қатарында Олимпиада, әлем және Еуропа чемпиондары да бар. Турнир 28 ақпанда мәресіне жетеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!