Соңғы уақытта елдегі боксшылардың кәсіби нәтижесіне деген сын басым. Әсіресе, Странджа турнирінен кейін спортсүйер қауым тарапынан көңілтолмастық ұлғайды. Өйткені ұлттық құрамаға Болгариядан күміс пен қоладан басқа жүлде бұйырмады. Мамандар пікірінше, аталған сайыста нендей қателік орын алды? Қазақстандық боскшылардың жеңіс тұғырынан көріне алмауына не себеп? Тарқатып көрелік.

Байқағанымыздай, Қазақстан атынан Болгариядағы жарысқа он екі боксшы барды. Дегенмен, қос спортшыға ғана жүлде бұйырған. Ал жалпыкомандалық есепте Италия және Түркия құрамаларымен қатар жетінші орынға жайғастық. Өкініштісі, құрама мүшесі 57 келіге дейінгі салмақта Оразбек Асылқұлов қана финалға дейін жетті. Оның ширақ қимылы, соққысы мен жігеріне жанкүйерлер оң баға берді. Алайда алтын медаль үшін күресте болгар боксшысына есе жіберді. Ал қола медальді 75 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Райыс еншіледі. Ол жартылай финалда болгар боксшысы Рами Киваннан ұтылды.
Ел ықыласына бөленген Қамшыбек Қоңқабаев пен Бекзат Нұрдәулетов додада сәтсіздікке ұшырады. Қамшыбек ширек финалда өзбек боксшысы Баһадүр Жалоловқа қарсы жекпе-жекке шықпады. Ал Бекзат аталған кезеңде өзбек боксшысы Жасурбек Юлдашевтан ұтылып қалды
Жалпы Қоңқабаевқа Жалоловтың қамшы бастырмай жүргеніне біраз болған. Тек 2017 жылғы әлем чемпионатында Қоңқабаевтың асығы алшысынан түскен. Содан бері Азия чемпионатында үш рет, әлем чемпионатында бір рет жеңілген. Сондықтан бокссүйер қауым бұл кездесуді асыға күткен-ді. Бас бапкердің айтуынша, осы жолы Қоңқабаев қолындағы ескі жарақатын асқындырмау үшін рингке шықпаған.
Ал Странджа турнирінде жалпыкомандалық есеп бойынша Өзбекстан құрамасы көш бастаса, Болгария мен АҚШ құрамасы үздік үштікке кірді. Былтыр ел құрамасы «Кіші әлем чемпионатындағы» додадан 2 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль еншілеген-ді. Сол үшін көпшілік өзбек боксының алға жылжып, елдегі былғары қолғап шеберлерінің тұралап қалғанына наразы. Тіпті, мамандар мұндай өзгеріске әзіл-шыны аралас «Өзбек синдромы» деген де атау беруде.
Қазақстандық боскшылардың жеңіс тұғырынан көріне алмауын ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов былайша түсіндірген болатын:
«Ұлттық құраманың бір бөлігі Тайландқа, ендігісі Венгрияға барды. Үшінші, төртінші нөмірлі боксшыларды алып бардық. Бәйгеге кіл мықтылар жиналғаны тағы бар. Әлем чемпионаты алдында мықты боксшыларды көрсетпей, құпияда ұстау тактикасын қолдандық. Содан жарыста әлсіздердің қатарынан көріндік. Ал Тайландта алты боксшы алтын алды. Бір ғана Странджа турнирі бүкіл қазақ боксының жағдайын көрсетпейді. Дайындық есебіндегі дода. Білесіздер, қайбір жылы Куба да бірнеше жарыста төмен нәтиже көрсетіп, Олимпиададан алтынсыз қайтқан. Біз де сондай тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатқандаймыз. Жасырмаймын, кем-кетік бар. Бас бапкер болғаныма екі айдан асты. Уақыт керегі тағы бар. Қазір құрама әлем чемпионатына тас түйін дайындалып жатыр», – дейді бас бапкер Мырзағали Айтжанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!