Наурыз айы биыл да рухани мәні терең, тағылымы мол іс-шарамен басталды. 2026 жылдың 1-7 наурыз аралығында Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған ашық республикалық-рейтингтік турнир өтуде. Дәстүрге айналған дүбірлі дода биыл XIX рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – бір ғана спорттық жарыс емес, елге еңбек сіңірген азаматтың есімін ұлықтаудың, өнегелі ғұмырды кейінгі буынға үлгі етудің жарқын көрінісі.

Байрақты бәсекеге Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Түркіменстан мемлекеттерінен 450-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Әр отау – есептің, әр жүріс – сабырдың сынағы. Тоғызқұмалақ тақтасы алдында жас пен кәрі, тәжірибелі чемпион мен талапты жас бірдей. Бұл спорт түрі білектің емес, білімнің, жылдамдықтың емес, зерденің жарысы екенін тағы бір дәлелдейді.

Турнир аясында дәстүрлі «Чемпион» бәсекесі үшінші мәрте өткізілуде. Бұл додада Әлем және Азия чемпиондарынан құралған 30 спортшы өзара мықтыны анықтайды. Биылғы ерекшелік – алғаш рет жарысқа жасанды интеллект бағдарламасының қатысуы. Цифрлық технология мен адам ақылының бетпе-бет келуі тоғызқұмалақтың жаңа дәуірге қадам басқанын аңғартады.

Жастар және жасөспірімдер арасындағы сайыс 2-6 наурыз аралығында «Нұрсәт» теннис орталығында өтеді. Ал чемпиондар арасындағы турнир 3-5 наурыз күндері «Dauir city» ұлттық мейрамханасының мәжіліс залында ұйымдастырылуда. Бір апта бойы Сыр бойы зияткерлік тартыстың орталығына айналмақ.

Сыр еліндегі зияткерлік дода

Жарысты Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, Қазақстан Республикасы «Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігі және «Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығы» облыстық федерациясы ұйымдастыруда. Бұл – өңірде зияткерлік спорттың жүйелі дамып келе жатқанының айғағы.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы Нәлқожа Ақбалаұлының ел игілігі жолындағы еңбегіне ерекше тоқталды.

– Аймағымыздың өркендеуіне бар күш-жігерін арнап, ел игілігі жолында аянбай қызмет еткен азаматтардың есімін ұлықтау – баршамызға ортақ парыз. Нәлқожа Ақбалаұлы – саналы ғұмырын халық игілігіне арнаған, жастардың білімді де бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлген бірегей тұлға. Оның бастамасымен өңірімізде бірқатар спорт нысаны мен мәдениет ошақтары бой көтерді. Бүгінгі дәстүрлі халықаралық турнир – сол еңбектің жарқын жалғасы деп білемін. Бүгінгі додада нағыз мықты спортшылар топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Жиында сондай-ақ ардагерлер кеңесінің төрағалары, мәслихат депутаттары, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы мен халықаралық дәрежедегі төрешілер құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл – тек спорттық жарыс емес, ұлт руханиятын ұлықтайтын, бірлік пен сабақтастықты нығайтатын тағылымды алаң.

Нәлқожа Ергешбаевтың есімі – өңір дамуының бір кезеңімен біте қайнасқан тұлға. Оның бастамасымен бой көтерген әлеуметтік және спорттық нысандар талай жастың арманына жол ашты. Бүгінгі турнир – сол игі істердің жалғасы, жас буынға бағытталған сенімнің көрінісі.

Сыр еліндегі зияткерлік дода

Тоғызқұмалақ – ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық мұра. Қарапайым көрінгенімен, терең есеп пен стратегиялық пайымды талап ететін бұл ойын бүгінде халықаралық деңгейге көтерілді. Сыр өңірінде өтіп жатқан жарыс – соның айқын дәлелі.

– Қызылордаға арнайы келіп, Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған турнирге қатысу мен үшін тағы бір тәжірибе. Бұл жарыстың деңгейі жыл сайын өсіп келеді. Қазақстандағы тоғызқұмалақ мектебі өте мықты екенін жақсы білеміз, сондықтан турнирден жақсы ойын күтемін, барша қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Қырғызстанда тоғызқұмалақ жақсы дамыған. Өзім түрлі турнирге қатысып, ел намысын қорғап, тәжірибе жинап жүргеніме біраз уақыт болды. Жалпы бұл спортта жүргеніме 12-13 жылдай уақыт өтті, – деді Қырғызстан мемлекетінен келген халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марлис Дуулатбеков.

7 наурызға дейін жалғасатын тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар және дипломдармен марапатталады. Бір апта бойы жалғасатын зияткерлік дода Сыр елінің спорттық өміріне жаңа серпін беріп, тоғызқұмалақтың мәртебесін биіктете түсері сөзсіз.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!