Биыл «Қайсар» футбол клубының құрылғанына 55 жыл толды. Жанкүйерлер бұл мерзімді Сыр футболының бастауымен тығыз байланыстырғанмен, аймақ футболының негізгі тарихы тым тереңде. Осыған орай «Сыр өңіріне футбол қай жылы келді?» деген сауалға жауап іздеу орынды.

Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдар шамасында Қызылордадағы кейбір еңбек ұжымдарында әуесқой негізде команда құрылып, бір-бірімен өзара тартысқа түскені жайлы деректерді сол кездерде шыққан мерзімдік басылым беттерінен айқын аңғаруға болады. Мұндай кездесулер жергілікті жастардың футболға қызығушылығын одан әрі арттырып, шеберлігін жетілдіре түсті. Әрине, бұл уақытта Қазақстанның өзінде кәсіпқой клубтар әлі де тұсауын кесе қоймаған кезі болатын. Кезінде одақтық деңгейде ел намысын қорғаған Алматының «Қайраты» 1958 жылы алғашқы ресми кездесуін өткізді. Арада он жыл өткенде Қызылордада да сондай ұжымның тұсауы кесіліп, жергілікті жұрт алғаш рет кәсіби клубтың ойынын тамашалауға мүмкіндік алды. Оған негізінен қызылордалық жастар тартылды. Сонымен қатар Алматыдағы футбол мектебінің бірқатар түлектері де жаңа команда құрамын толықтырды. 1968 жылы қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион елдің игілігіне айналып, онда жергілікті команданың тұңғыш ресми кездесуі өткізілді.
Жиырма жылдан астам қызылордалық клубтың құрамында тер төккен Әбіл Қалымбетовпен ол кісінің көзінің тірісінде біраз әңгімелескен едік. Өзінің футболшылық өмірін тек бір ғана командаға арнаған жан өткен шақтан бізге қызықты мәліметтер келтірді. Өзі де жасыл алаң төрінде жанкүйерді желпіндіріп, талай мәрте елдің алғысына бөленіп үлгерді. Шеберлігі арқасында жерлестерін қаншама рет тәнті еткенін көпшілік әлі де ұмыта қойған жоқ. Әбіл ағамыз команда құрылғанда оған алғаш шақыру алған ойыншының бірі болды.
– Сол уақытта қызылордалық өрендер футболға ерекше қызығушылық танытты, – деді бізбен әңгімесінде ол кісі. – Қазіргідей жасыл алаңдар мүлдем жоқ-ты. Біз оған қарамайтын едік. Айтақыр шаңның үстінде күнұзақ доп қуалап жүретінбіз. Кейде үлкендер жағы біздің бұл тіршілігімізге қынжылыс білдіріп жататын. Осылай жүріп, футболдың қыр-сырын біршама меңгеріп алдық десек те болады. Өскеннен кейін бірқатар еңбек ұжымдарында ойын көрсете бастадық. Қызылорда топырағында тұңғыш мәрте кәсіби клуб құрылған кезде мен жиырма жасқа жақындап қалған едім. Оған Петр Боголюбов, Виктор Шишин, Юрий Дедиков сынды білікті мамандар бапкерлік жасады.
Ол кісіден білгеніміз, команда атауы алғашқы жылда үш мәрте өзгеріпті. Әуелгіде «Қызылорда» атанған ұжым мамыр мен шілде аралығында «Волна» деген атаумен ел біріншілігінде облыс намысын қорғады. Сол жылдың шілдесі мен 1973 жылдың соңына дейін «Автомобилист» клубы ретінде бәсеке көрігін қыздырды. Біздің ұжым 1974-1978 жылдарда «Орбита», 1979-1989 жылдарда «Мелиоратор» атанды. Бас-аяғы жиырма жылға жуық уақыт шінде команда атауының бірнеше мәрте өзгеруіне оған қаржылай көмек көрсеткен мекеменің ауысуы себеп болған. Еліміз бостандық байрағын бекем ұстаған тоқсаныншы жылдардан бері «Қайсар» жергілікті жанкүйердің сүйікті клубына айналып отыр.
1968 жылы командамыз сәтсіз ойын көрсетті. Одақтық футбол басшылығы екінші лигадағы бір топқа қазақстандық ұжымдарды топтастырды. Олардың жалпы саны 22-ге жуықтады. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл, Целиноград, Жезқазған, Теміртау, Павлодар, Семей және Алматы секілді өңірлер өз клубтарын біріншілікке үкілеп қосты. Өкінішке қарай, бұл бәсеке барысын­да коман­дамыз өз тобында ең соңғы орынды місе тұтуға мәжбүр болды. Оның себебі де бар. Біріншіден, оған әлі де тәжірибесі аз жастар көптеп тартылды. Футболшылардың орташа жасы жиырманы құрайтын. Соның салдарынан жерлестеріміз 40 ойыннан кейін небәрі 13 ұпай жинады. Өз қақпасына 84 гол жіберіп алса, қарсыластарды бар-жоғы 17 мәрте қапы қалдырды. Ереже бойынша өз тобында соңғы орын алған клуб әуесқой топтардың жеңімпазымен кездесіп, жалғыз жолдаманы сарапқа салатын. Бізге Саранск қаласының «Шахтері» қарсылас болды. Бұл жолы қызылордалық футболшылар мықтылығын көрсетті. Екі кездесуде де 1:0 есебімен жеңіске жетіп, өз тобындағы орнын сақтап қалды. Одан кейінгі жылда да «Автомобилист» жергілікті жанкүйерлерді жігерлі ойынымен желпіндіре алмады. Жиырмадан астам команданың ішінде бар-жоғы 17-ші орынды місе тұтты.
1970 жылы жергілікті клубқа бас бапкер қызметіне белгілі спортшы Тимур Сегізбаев келді. Жасыл алаң үстінде шеберлігімен жанкүйердің жүрегіне жол тапқан жарық жұлдыз мұндай жауапты жұмысқа алғаш келіп тұрса да, өзінің біліктілігі мен қабілеті жоғары екенін көрсете білді. Жерлестеріміз барлығы 16 команданың арасында алтыншы орынға тұрақтады. Олар 30 ойыннан кейін 35 ұпай жинады. Қызылордалық футболшылар қарсыластар қақпасына 41 доп соғып, өз қақпасына 27 доп жіберіп алды. Команда 15 мәрте жеңіске жетіп, 5 рет тең түсіп, 10 ойында қарсыласына есе жіберді. 1971 жылы да дәл осындай жетістік қайталанды. «Орбита» 1972-1976 жылдар аралығында алғашқы ондықтан көрінсе, одан кейін он жылдай соңғы орындарда жүрді. 1987 жылы өз тарихында тұңғыш рет төртінші орыға көтерілді. Команданы мұндай жетістікке белгілі маман Юрий Хакимович жетеледі. 1988 жылы «Мелиоратор» КСРО кубогының 1/64 финалдық кезеңінде өз алаңында Тюменьнің «Геолог» клубын қабылдап, олардың қақпасына жауапсыз бір доп соқты. Соның нәтижесінде жарыстың келесі сатысына шығып, сырт алаңда ойнағанына қарамастан Ферғананың «Нефтяник» клубын орта жолда қалдырды. Бұл кездесудің негізгі кезеңінде қос қарсылас бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Жеңімпаз ойын соңынан кейінгі пенальти тебуден анықталды. Кубок ойындарының келесі кезеңі екі ойыннан тұрды. Бізге Украинаның Харьков қаласының «Металлист» клубы қарсылас болды. Украиналық ұжым сол кезеңде КСРО-ның жоғары лигасында ойын көрсететін. Харьковтегі ойынның бірінші кезеңінде қақпа құлпы ашылған жоқ. Келесі кезеңде алаң иелері екі доп соқса, қонақтар оған бір доппен жауап қайырды. Одақтың белгілі футбол мамандары «Мелиоратордың» жігерлі ойынын жоғары бағалап, олардан үлкен үміт күтті. Өйткені, біздің команданың келесі кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жетсе, жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар еді. Бірақ барлығы керісінше өрбіді. Қарымта ойында харьковтік футболшылар бір доп соғып кетті. Мұндай көрсеткіш арада төрт жыл өткеннен кейін, 1991 жылы тағы да жерлестеріміз одақтың екінші төменгі лигасында төртінші орын алды.
Міне, Қызылорда футболы осы сүрлеуден өтті. Өткен тарих келер жаңалықтың бастауы екенін ескерсек, әрбір тарих пен танымның орны ерек. Тек өткеннен сабақ алып, өнегесін жиа білу – жеңіс жолы.

Ә.ТАЛАПТАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!