Астанада белбеу күресінен өткен Әлем чемпионатында қызылордалық полицей Арайлым Оразбай 76 келі салмақта жеңімпаз атанды. Арайлым облыстық полиция департаментінде жылдам қимылдайтын арнайы жасағы саптық бөлінісінің инспекторы қызметін атқарады.

2000 жылы Жалағаш кентінде дүниеге келген Арайлым он екі жасында дзюдо үйірмесіне барған. Жас өренге спорттың әліппесін үйреткен бапкері Арман Молдаханов жетістікке жету үшін үлкен еңбек қажет екенін ұғындырды. Әрбір жаттығу барысында бұрын өзіне беймәлім спорттың қыр-сырына қанығады. Осылайша ол дзюдоға бауыр басып, асқақ арман алға қарай жетелей түсті.
– Әкем Бақыт пен анам Гүлнар таңдауыма қарсы болған жоқ. Қайта жетістігіме қуанып, алдағы жарыстарға қолдау көрсетіп отырады. Әрбір бәсеке алдында ол кісілердің батасын алуға тырысамын. Бұл маған қанат бітіріп, күш қосқандай болады, – дейді Арайлым.
Кейіпкеріміз 2013 жылы Жалаңтөс баһадүр атындағы спорт мектеп-интернатына оқуға түсті. Талантты балалардың басын қосқан оқу орны талай чемпионды тәрбиелеп шығарды. Мектеп-интернатта Арайлым білікті мамандардан тәлім алып, шеберлігін одан әрі жетілдірді. Көптеген жарыстарға қатысып, толайым табыстарымен бапкерлерін қуантты. 2017 жылы спорт-интернатты тәмамдаған ол бұл саладан алыс кете қойған жоқ. Бүгінде полиция қызметінде жүрсе де спорттан алшақ емес.
– Жалпы, сақшы қызметі қашанда қырағылықты қажет етеді ғой. Менің спортпен айналысуыма ол ешбір кедергісін келтірмейді деген ойдамын. Әлем чемпионатына барардан бұрын басшылық тарапынан демеу көрсетіліп, жарысқа тыңғылықты дайындалуыма барлық мүмкіндік жасалды. Бұл үшін әріптестеріме ризашылығым шексіз. Әлемдік додаға қатысар алдында көңілде қобалжу болғаны рас. Жеңіс үшін бар күшімді салдым. Бес қарсыласпен шеберлік байқастым. Кейбір белдесу қиынға соқты. Жар­тылай финал­да ре­сей­лік балуанмен жолықтым. Екеуміз бұдан бұрын да кездескен едік. 2022 жылы Өзбекстанның Наманган қаласында өткен Әлем чемпионатында ол мені жеңіп кеткен еді. Сол кеткен есемді қайтаруға мүмкіндік туды. Есеп – 6:2. Менің пайдама шешілді. Финалда жолыққан өзбек балуанымен алғаш рет кездесуім. Екеуімізге де оңайға соққан жоқ. Дегенмен қарсыласым жиі тәртіп бұзып, төрешілер тарапынан ескерту алды. Осылай жеңіс мен жаққа шықты, – дейді Арайлым.
Балуан қыз белбеу күресінен өзге дзюдо және самбомен айналысады. Оның айтуынша, өңірде дзюдо жақсы дамыған. Оған жергілікті балуандардың жетістіктері нақты дәлел бола алады.
– Қазір ел құрамасында әлемдік додаларда сынға түсіп жүрген Мағжан Шәмшаддин, Абылайхан Жұбаназар деген қызылордалық жастар бар. Жерлестеріміз түрлі сайыстарда Қазақстан намысын абыроймен қорғап келеді. Олардың алдағы Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндігі зор, – дейді ол.
Айту керек, қызылордалық бапкерлер әйелдер арасындағы дзюдода да талай жұлдызға жол ашты. Олардың қатарында Жамал Бозова, Жанар Жанұзынова, Нұргүл Тағаева секілді спортшылар бар. Кезінде талай бәсекенің көрігін қыздырған саңлақтар қазір өздері шәкірт тәрбиелеп, жергілікті спорттың дамуына зор үлес қосып келеді.

Ә.ТАЛАПТАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!