Жуырда Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаевтың төрағалығымен алты ай көлемінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша барлық спорт мекемесі басшыларының қатысуымен жиын өтті.
Басқосуда мекеме басшыларының функционалдық міндеттемелеріне қойылатын жаңа талаптар, «Қайсар» футбол клубының қазіргі нәтижесі және ойыншылар алу, сондай-ақ клубқа қосымша инвестор тарту мәселесі, қала және аудандарда орналасқан спорт кешендеріне жөндеу жұмыстарын уақытылы орындау, басқармаға қарасты мекеме бюджетін жоспарлы игеру мен алда болатын ауқымды спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу бойынша бірқатар мәселе талқыланды.
– Бұдан былай мекеме директорларының келісім-шартына қосымша жүктемелер енгізіледі. Бұл міндеттемелерге олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беру, Әлем, Азия және ҚР чемпионаттарындағы көрсеткіштердің жоғары болуы, мекемедегі бюджет қаражатын
жоспарлы және тиімді игеру талабы да қойылады. Бұдан бөлек, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, жеке кәсіпкерлер теңгеріміндегі спорт алаңдарын қайта жаңғырту және барлық спорт мектептеріне осы бастан жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу де басты назарда болады. Ашығын айту қажет, бүгінгі күнге дейін мұндай міндеттемелер мекеме басшыларына жүктелмеген. Алғаш рет осындай бастаманы көтеріп, жауапкершілік артып отырмын. Бұл салаға жаңа серпіліс пен оң өзгеріс әкеледі, – деді Бахтияр Ғарифуллаұлы.
Келіссөздер «қайсардың» жағдайын жақсарта ала ма?
Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен шет мемлекеттерден келген ойыншыларға бюджеттен және квазимемлекеттік секторлардан қаржы бөлмеу туралы жаңа заң қабылданған болатын. Осыған байланысты, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының батыл қадам жасауы арқылы елімізде алғашқылардың бірі болып «Қайсар» футбол клубы легионерлерден бас тартты. Жаңа маусымда құрамын қазақ балаларымен толықтырған қасқырлар алғашқы ойындардан-ақ сәтті өнер көрсетіп келеді. Әлі де болса тәжірибелі ел ойыншыларын тарту басты назарда отыр. Бірақ олардың барлығына бірдей қаржы тауып беру де оңай болмай тұрғаны анық.
Соған сәйкес басқарма басшысы бұған дейін команданың нәтижесін жақсарту мақсатында футбол клубтың директоры Талғат Әбдіғаппарұлына инвестор тарту, келесі тур ойындарына тәжірибелі 4-5 ойыншы алу, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу арқылы инвестиция көлемін арттыру туралы тапсырма берген болатын. Талғат Әбдіғаппарұлының айтуынша, қазіргі күні белгілі демеушілермен келіссөздер жасалып жатыр.
– Бүгінде «Қазгермұнай» АҚ команиясымен келіссөз жүргізіліп, нәтижесінде командаға 30 миллион теңгеге жуық қосымша инвестиция тартылады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ басқа да жергілікті кәсіпкерлермен байланыс орнатып отырмыз.Ал «Қайсардың» сапына жаңадан 3 ойыншы қосылды. Жақын арада команда құрамына тағы да тәжірибелі ойыншыларды қосатын боламыз, – деді ол.
Осы ретте басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды уақытылы жалғастыруды, инвестиция көлемін одан әрі арттыруды, кәсіпкерлермен тиімді келіссөздер жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар команданың бас бапкері Виктор Кумыковқа премьер-лига ойындарындағы нәтижені көтеруді және команда жетекшісі Мақсат Байжановқа клубтың нәтижесіне тікелей жауапты екенін қатаң түрде ескертті.
«Жаңа оқу жылына дейін барлық спорт ғимараттары жөндеуден өтеді»
Жыл басында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы ның тапсырмасына сәйкес, басқарма басшысы барлық ауданға жұмыс сапарымен барып, ондағы спорт мектептерінің жұмысымен етене танысқан болатын. Іссапар барысында ғимараттарды күтіп-ұстау, жуынатын орындардың талапқа сай кел-меуі, спорт кешендерінің апаттық жағдайы назар ға алынып, директорларға тиісті тапсырмалар берілген.
Дей тұрғанмен басқармаға қарасты кейбір мектептерде аталған тапсырманы уақытылы орындамағаны анықталған. Соған сәйкес Бахтияр Ғарифуллаұлы белгіленген мерзімде ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізбеген директорларды сынға алып, қатаң сөгіс берді. Оған қоса екі апта көлемінде демеушілер есебінен ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа оқу жылына дайын болу керек екенін, қысқы дайындық жұмыстарын жүз пайыз толық жүргізіп, жылу беру желілері, көмір және дизель отындарының жеткілікті болуын ескертті.
Бюджет қаражаты жоспарсыз жұмсалып жатыр
Мемлекеттен бөлінген қаржыны тиімді иге-ру – басты міндет. Алайда мақсатсыз жұмсалған қаржы саланы дамытуға кері әсерін тигізері сөзсіз. Жиында қозғалған ең өзекті мәселенің бірі де бөлінген қаржыны жоспарсыз жұмсаған мекемелерге қатысты болды. Зерделеу барысында 10-нан аса мекеменің алты ай ішінде жылдық қаржының 75 пайыздан жоғары жоспарсыз жұмсағаны анықталды.
Осыған байланысты басқарма басшысы аталған мектеп директорларына жеке-жеке тоқталып, қатаң сөгіс беріп, осы уақытқа дейін бюджет қаражатын игеруде осалдық танытқандардың жұмысы одан әрі зерделенетінін жеткізді. Тексеру барысында мемлекеттен бөлінген қаржы көлемі мақсатсыз пайдаланғаны дәлелденетін болса, мекеме басшысына, бас есепшісіне және сол спорт түрі бойынша бапкеріне шешім қабылданатынын да назарға салды.
– Барлық мекеме басшыларына бюджет қара-жатын орнымен, тиімді игеруді тапсырамын. Бұл кезге дейінде сіздерге қаржының 70 пайызын олим пиадалық, 30 пайызын ұлттық спортқа және олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағыттауды тапсырған болатынмын. Қаржыны спорт түрле ріне бағыттау кезінде олимпиадалық спорт түр леріне басымдық беруді қатаң тапсырамын. Сіздердің нәтижелеріңіз осы олимпиадалық спорт түрлерінен көрсеткен көрсеткіштеріңізге бай ланысты есепте-лінетін болады, – деді Бахтияр Артаев.
Алдағы шаралар ауызбіршілікке шақырады
Басқосу соңында тамыз айында Сыр өңірінде өтетін ауқымды іс-шаралардың легі талқыланды.
Атап айтсақ, 5-13 тамыз аралығында «Үстел теннисі» орталығында ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Велорий Пак-тың жүлдесіне арналған халықаралық турнирі ұйымдастырылмақ. Бәсекеге әлемнің алпауыт 10 елінен зілтеміршілер ат басын бұрады. Сондай-ақ 15 тамызда «Спорт күні», 16-25 тамыз 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан ҚР чемпионаты, 18-22 тамыз аралығында Қызылорда қаласында ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2025» облыстық спартакиадасы мен «Ақ бидай» республикалық спартакиадасына іріктеу жарысы өтеді.
Ал 20-23 тамыз аралығында мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған футболдан республикалық турнир және 27-30 тамыз аралығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық спартакиада жоспарланып отыр.
– Тамыз айында ауқымды іс-шаралар күтіп тұр. Дайындық жұмыстарын осы бастан жүргізіп, жауапкершілікпен қарауымыз керек. Абырой ортақ. Сондықтан барлығымыз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», барлығын абыроймен атқаруымыз қажет, – деді Бахтияр Ғарифуллаұлы.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!