Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы болып Бақтияр Артаев тағайындалды. Оны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс әкімдігі ғимаратында өткен актив отырысында мәлімдеді.

− Мемлекет басшысы отандық спорт саласын кешенді реформалау арқылы бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуды тапсырды. Ол үшін бізге өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, мықты басшылар, үздік менеджерлер керек. Осы орайда Туризм және спорт министрлігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы лауазымына Артаев Бақтияр Ғарифоллаұлы тағайындалды.

Бақтияр Ғарифоллаұлы – барлығыңызға жақсы таныс, өз ісінің білікті маманы, мықты менеджер. Спорт саласының жандануына орасан зор үлес қосқан азамат. 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында ел қоржынына алтын салған чемпионымыз, Вэл Баркер Кубогының иегері, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасының 7 дүркін чемпионы.

Бақтияр Артаев осы кезге дейін алған білімі мен жинақтаған мол тәжірибесін ескеріп, Сыр өңіріндегі спорт және туризм саласын бұрынғыдан да қарқынды дамытады деп сенім білдіреміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, Бақтияр Ғарифоллаұлы 1983 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Құқықтану», «Менеджмент», Қазақ спорт және туризм академиясында «Дене шынықтыру және спорт», ҚазТұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша білім алған. Сонымен қатар «Құқықтану», «Дене шынықтыру және спорт» магистрі.

2004 жылы «Тараз газ шаруашылығы басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері ретінде еңбек жолын бастап, 2009-2013 жылдары Жамбыл облысы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, Жамбыл облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында еңбек еткен. 2013-2021 жылдары «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубы» корпоротивтік қорынының президенті, «Тарлан батырлары» ЖШС директоры, «Астана Арланс» ЖШС бас менеджері, ал 2021-2022 жылдары «Қазақстан бокс федерациясы» қауымдастығының ұлттық командалар үйлестірушісі, вице-президенті, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спорт- ты дамыту дирекциясының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы қызметтерін атқарған. Спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен наградталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!