Сыр бойының самалы мен дарияның тынысын сездірген Қызылорда қаласының сол жағалауында ел спорты тарихындағы елеулі оқиға – жаңа стадионның ашылу салтанаты өтті. Мыңдаған жанкүйердің қуанышы мен шаттық үні араласқан бұл күні жаңа стадионның ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 11 мың көрерменге арналған заманауи спорт кешені тек бір нысанның ашылуы емес, тұтас өңірдің спорт мәдениетін жаңа белеске көтерген айшықты сәт болды.

Көрерменге есігі ашылған күні стадионда футболдан ел Кубогының финалдық матчы өткізіліп, алаң төрінде жасыл шөптің иісі мен жеңіс рухы қатар сезілді. Шараға еліміздің Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен Сыр елінің жанкүйерлері қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, бұл жобаның аймақ жастары үшін үлкен серпіліс болатынын ерекше атап өтті.

– Бұл күн – Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл – сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшымызға, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болған Қазақстан футбол федерациясына зор ризашылығымызды жеткіземіз. Бүгінгі ойынға жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін! Қазақстан футболының даңқы арта берсін, – деді облыс әкімі.

Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді қамтитын бұл алып кешен халықаралық стандарттарға толық сай салынған. Оның сәулеті мен құрылыс сапасы заманауи талаптарға жауап береді. Стадион тек футбол ойындарына арналмаған. Мұнда олимпиада деңгейіндегі бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары бар. Әрбір зал спортшының ең жоғары нәтижеге жетуіне бағытталған, ал инфрақұрылымның ыңғайлылығы – көпфункциялы кешеннің басты артықшылығы.

Ғимараттың бірінші қабатында кең спорт залдары, футболшылардың дайындық және қалпына келу бөлмелері орналасқан. Мұнда спортшыларға арналған сауықтыру орталықтары мен массаж бөлмелері де қарастырылған. Ал екінші қабатта әкімшілік қызметкерлер мен ұйымдастырушылардың кеңселері жайғасқан. Үшінші қабаттағы заманауи мәжіліс залы – ірі жиындар мен пресс-конференциялар өткізуге қолайлы орын.

Нысан мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін де толықтай бейімделгенін айрықша атап өткен жөн. Арнайы жолдар мен жабдықтар олардың жаттығуына қолайлы жағдай жасайды.

Стадионның басты мақтанышы – оның халықаралық деңгейге сай жасыл алаңы. УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген алаң жасанды жабындымен қапталған және ең жаңа жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етілген. Мұндай мүмкіндік тек ел ішіндегі емес, халықаралық матчтарды өткізуге де жол ашады. Жарық пен дыбыс жүйелерінің сапасы көрерменге шынайы эмоция сыйлап, әр ойынның әр сәтін айқын көрсетеді.

Ашылу салтанатының ең басты сәті – «OLIMBET» Қазақстан кубогының финалдық ойыны болды. Бұл күні Қызылорданың жаңа стадионында ел спорт тарихындағы ерекше тартыс өтті. Алаң төрінде «Тобыл» мен «Ордабасы» футбол клубтары чемпион атағы үшін бақ сынады. Тынымсыз шабуыл мен асқан шеберліктің көрінісіне айналған бұл матчта жерлесіміз, Қазақстанның футбол құрамасының бұрынғы ойыншысы, шебер капитан Асхат Тағыберген бастаған «Тобыл» командасы 2:0 есебімен жеңіске жетіп, көптен күткен кубокты көкке көтерді. Бұл жеңіс Сыр елінің абыройын асырып, жанкүйерлердің жүрегіне қуаныш ұялатты.

Сонымен қатар стадион алаңын нағыз мерекелік рух биледі, себебі стадион төрінде Садраддин, Нұрлан мен Мұрат дуэті және халықтың сүйікті ұжымы 6ELUCCI тобы ән шырқап, 11 мыңнан астам көрерменге шаттық пен шабыт сыйлады.

Қызылорданың жаңа стадионы – спорттың күші мен елдік рухтың тоғысқан тұсы. Ашылған жаңа нысан Сыр өңірінің мақтанышы һәм еліміздің спорттық болашағына бағытталған батыл қадам деп айтуға толық негіз бар.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!