28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай белгілі журналист Сахитжан Бермағанбетовті еске түсіруге арналған шағын футболдан облыстық турнир өтті. Шараға БАҚ өкілдерінен құралған алты команда қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов аймақ журналистикасына өз өрнегін қалдырған абыройлы азаматтың есімі жерлестерінің жүрегінен өшпейтінін атап өтті.

Қарымды қалам иесі студент кезінен бастап қалалық қоғамдық телеарнасында редактор, хабарлардың авторы мен жүргізушісі болды. Мұнан кейін «Қазақстан Қызылорда» телеарнасында редактор қызметін атқарып, осы арнанын «Түйін» ақпаратты сараптау бағдарламасын жүргізді.

Өмірінің кейінгі жылдарында облыс әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі болды. Өзінің өткір тілімен, батылдығымен ұшқыр ойлы журналист екенін көрсетті. Облыстық, республикалық деңгейдегі телебайқаулардың жеңімпазы атанды.

Турнирдің ашылу салтанатына Сахитжанның анасы Меруерт апа қатысып, жарысты ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Спорттық шарада І орынды «Меншікті тілшілер» командасы иеленсе, «Сыр медиа» ІІ орынға, «Qyzylorda TV» ІІІ орынға тұрақтады.

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!