SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әуесқой боксшы Дулат Бекбауов екі жылға ресми түрде жарыстардан шеттетілді. Бұл шешімді Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) атынан қабылдаған.

ITA мәліметінше, спортшы антидопинг ережелерін бұзған. IBA ADR құжатындағы 2.4-бапқа сәйкес, Бекбауов 12 ай ішінде үш рет орналасқан жері туралы талаптарды орындамаған. Бұл – допингке қарсы жүйедегі ауыр бұзушылық саналады.

Бекбауов тағылған айыптарды дауламаған. Сол себепті ITA IBA ADR-дің 8.3.3-бабына сүйене отырып, екі жылдық дисквалификация енгізді. Жарыстардан шеттету мерзімі 2025 жылдың 18 қарашасынан басталып, 2027 жылдың 17 қарашасына дейін жалғасады. Сонымен бірге спортшының 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі барлық спорттық нәтижелері күшін жойды.

Бұл шешім CAS-тың апелляциялық бөлімінде IBA ADR-дің 13.2.3-бабына сәйкес қайта қаралуы мүмкін. ITA бұл жағдайға қатысты қосымша пікір білдірмейтінін мәлімдеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!