Боксшы Жәнібек Әлімханұлының командасы допинг дауына қатысты жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Команда бұл жаңалыққа таңғалғанын жасырмады.
«Біздің көңіл күйіміз түскеніндей көп жанкүйердің көңіл күйі түскенін сезіп отырмыз. Өйткені тақым қысып, тілеулес болып отырған ағайын өте көп. Асыға күткен жекпе-жек өтпейтін болды. Жаңалыққа таңғалдық деген себебіміз VADA-ның бірінші алған анализдері таза деген хабар келген болатын, екінші анализде даулы мәселе бар деген хабар жетті», – деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, команда екі анализ арасында тамаққа да, витаминге де ешқандай өзгеріс жасамағанын мәлімдеді.
«Бұл қалай болды екен деп түсінбей отырмыз. Қаншама еңбек, қан мен тер төгілді. 4 айдан бері басқа елдеміз. Шығындар бар. Отбасыдан жырақ. Біз үшін бұл жаңалық оңайға соқпады. Біз әрқашан таза спортты қолдаймыз деп айтып жүретін командамыз. Қазір менеджерлер мен заңгерлер жұмыс істеп жатыр. Қайта анализ тапсырсақ деген өтініш айттық. Ескі анализдің екінші нұсқасын да тексертіп, зертханада жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мамандардан хабар күтіп отырмыз», – деп жазылған хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
