Республикалық «Tartyl Fest» турникте тартылу спорт фестивалі Қызылорда қаласында тартысты өтті. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған сайыс барысында 307 адам бақ сынады.
Қала тұрғындары кешкілік мәдениет және демалыс паркіне жиналды. Еліміз бойынша Қонаев қаласында басталған фестивальге қызылордалықтар тарапынан ерекше қызығушылық болды. Оған қатысуға ниет білдірген азаматтар арасында ең егдесі 75 жаста болса, ең кішісі 6 жаста. Оларға қолдау білдіруге келген жанкүйерлер саны аз болған жоқ. Жарыс кешкі сағат 19.30 шамасында басталды. Сайыс барысында жастардың белсенділігі көзге көрініп тұрды.
Әрбірінің жарысқа дайындығы аңғарылды. Бір-бірінен асып түсуге тырысты. Жарыс ұйымдастырушылар да қызылордалық жастардың белсенділігін ерекше атап өтті. Биыл 75 жасқа келген Александр Ким қарттығына қарамастан сайысқа қатысуға бел буған екен. Турникке тартылу барысында жас кезінде бұл спортқа жақын болғаны көрініп тұрды. Ол кісі 16 мәрте тартылып, көпшілік тарапынан қошеметке ие болды.
«Мен жас кезімнен спортқа жақынмын. Әлі де сергектікті серік етіп келемін. Соның арқасында денсаулығыма айтар сыным жоқ. Жастарға айтарым, әрдайым спортқа жақын болсын», – дейді ол. Сондай-ақ, 6 жастағы Жандәулет Бағдатұлы 16 мәрте тартылып, жарысты ұйымдастырушылар тарапынан оң бағасын алды. «Бала болсам да турникке тартылуды жақсы көремін. Сайыс болатынын естіп әкемнен ол жайында сұрап білдім. Алдағы жылдары мен көрсеткішімді жақсартқым келеді. Сол мақсатта дайындаламын», – деді ол.
Сайыс үш сағаттай уақыттан кейін мәресіне жетті. Жарысты ұйымдастырушылар жүлдегерлерді анықтауға назар аударды. Кейбір сайысқа қатысушылар бірдей көрсеткішке жетті. Сондықтан олар тағы бір мәрте бақ сынауға мүмкіндік алды. Сол арқылы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Айта кетерлігі, қызылордалық с айыскерлер арасынан 18-30 жастағылар (65-80 келі) аралығында сынға түскен Ақберен Қуандықов бұған дейінгі рекордты жаңартуға жақын қалды. Ол турникке 40 мәрте тартылды. Еске салсақ, бұдан бұрын шымкенттік тұрғын Азамат Сапар турникте 41 рет тартылып, рекордтық көрсеткішке жеткен еді.
Фестиваль соңында көпшілік эстрада жұлдызы Мирас Жүгінісовтің қатысуымен өткен концертті тамашалады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов, «Дара» таланттарды қолдау қорының басшысы Нұрлан Қоянбаев, жоба амбассадоры, қоғам қайраткері, жаттықтырушы әрі актер Айтым Жақыпов жеңімпаздарды марапаттады. Еске салсақ, «Tartyl Fest» турникте тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталған болатын. Сондай-ақ, бұған дейін фестиваль Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында жалғасын тапты. Айта кетсек, фестиваль 10 шілде – 6 қыркүйек аралығында өткізіледі. Фестиваль еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылып, әр қаладан 27 жеңімпаз анықталады. Олар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға қатысады деп күтілуде. Гранд-финалдың жүлде қоры – 54 млн теңге. Ал, Гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!