Ауыр атлетиканың бір жұлдызы сөнді. Болгария, Түркия және Қазақстанның құрметті бапкері Энвер Түркілеридың дәм тұзы таусылды. Атақты бапкердің қазасы күллі әлемге ауыр тиді. Зілтемір спортының дамуына ерекше үлес қосып, орасан зор биікке көтерген айтулы бапкер ұзақ жылдар бойы біздің елде де еңбек етіп, ұлттық құрамада кеңесші-бапкер қызметін атқарды. Шынтуайтына келсек, қазақстандық зілтеміршілердің әлемдегі көшбасшы командалар қатарына қосылуы дәл осы майталман маманның арқасы екенін мойындауға тиіспіз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

Тарихқа жүгінсек, үш дүркін Олимпиада чемпионы атану бақыты небәрі төрт зілтеміршіге ғана бұйырған екен. Бұл биік белес түркиялық Наим Сүлейманоғлы мен Халил Мутлу және грекиялық Кахи Кахиашвили мен Димас Пирросқа бағынды. Алғашқы екеуі дәл осы Энвер Түркілеридің шәкірті. Міне, осы жайттың өзі-ақ айтулы азаматтың қандай майталман маман және үздік бапкер болғанын аңғартып тұр.Энвер Түркілери 1942 жылы Болгарияның Кыржалы өңірінде дүниеге келді. Бұл аумақтың 90 пайызын түріктер мекендейтін. Түркілеридей білікті бапкер мен Сүлейманоғлыдай дарынды жас сол жақта табысты. Екеуі де сол өңірдің тумалары. Бұл 1977 жыл еді. 10 жастан енді ғана асқан баланың бойындағы бұла күшті бірден байқаған қырағы маман оны жақсылап тұрып баптады. Көп кешікпей Наим елеулі табыстарға қол жеткізе бастады. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда жасындай жарқылдап, ересектер дуына да еркін қосылды. 1983 жылы алғаш рет әлем чемпионатына қатысқан 16 жастағы бозбала Мәскеуде күміс медальді мойнына іліп, төрткүл дүние жанкүйерлерін бір тамсандырып тастады. Міне, Сүлейманоғлының үлкен спорттағы жеңісті жолы осылай басталды. Сол мезетте бапкерінің де даңқы алысқа тарады.

Сексенінші жылдардың бел ортасында Болгария билігі жергілікті түріктерге қатты қысым көрсете бастады. Өзге опасыздықтарын айтпағанда, көптеген азаматты азан шақырып қойған атын өзгертуге мәжбүрледі. Сол тұста Энвер – Ануар Тулумов, Наим – Наум Шаламанов болып шыға келеді. Жүрегі «Түрік» деп соққан азаматтардың дені ондай қорлыққа көнбеді. 1986 жылдың соңында Сүлейманоғлы Түркияға қашты. Сол үшін бапкері бірнеше айға түрмеге тоғытылды. Арада үш жылдай уақыт өткеннен кейін Түркілери де тарихи отанына оралуға мүмкіндік алды. Осылайша, білікті бапкер мен дарынды шәкірттің жолы Анадолы елінде қайта тоғысты.Наимның бойы небары 147 сантиметр болса, салмағы 60-65 келі шамасында еді. Соған қарамастан, ол төрткүл дүниедегі теңдессіз спортшылардың қатарына еркін қосылды. Атап айтсақ, үш дүркін Олимпиада, жеті дүркін әлем және бес дүркін Еуропа чемпионы деген дардай атақтары бар. Сонымен қатар Сүлейманоғлының әлемдік рекордты 46 мәрте жаңартқанын айта кеткен абзал.Энвер Түркілери тарихи отанына қоныс аударғаннан кейін 15 жыл бойы ұлттық құраманы жаттықтырды. Сол кезде Түркия ауыр атлетикасы бұрын-соңды болмаған табысқа жетті. Жоғарыда есімі аталған Наим Сүлейманоғлыдан бөлек, Халил Мутлу жарқ етіп шықты. Ол да Болгарияда туғанымен, ертеректе Анадолы еліне қоныс аударған. 54, 56 және 62 кило салмақ дәрежелерінде бақ сынаған Халил 1996 жылы Атланта, 2000 жылы Сидней және 2004 жылы Афина Олимпиадаларында алдына жан салмады. Әлем чемпионатын бес және Еуропа біріншілігін тоғыз мәрте ұтты. Сан рет рекордтық көрсеткіштерді жаңартты. Спорттық шежіренің сарғайған беттерін парақтасақ, серпе көтеру жаттығуы бойынша өз салмағынан үш есе ауыр зілбатпан темірді еңсере алатын жер бетінде алты ауыр атлет қана болған екен. Солардың санатында Наим Сүлейманоғлы мен Халил Мутлу да бар.

Жаңа ғасыр табалдырықтан аттаған тұста Қазақстанның ауыр атлетикасы қатты ақсап тұрды. Даңқты Анатолий Храпатый үлкен спорттан қол үзгеннен кейін оның жеңісті жолын жалғастыруға күш-қуаты, ерік-жігері жететін саңлақ біразға дейін табылмады. 2004 жылы Афина Олимпиадасында Сергей Филимонов тамаша өнер көрсетіп, күміс медалді иеленгені есімізде. Шешуші тұста жерлесіміз Энвер Түркілери баптаған 19 жастағы жас жолбарыс Таңер Сағырға есе жіберді. Сол кезден бастап, қазақстандық мамандар түркиялық бапкердің көмегіне жүгінуді құп көрді. Ұзақ жылдар бойы республика Ауыр атлетика федерациясын басқарған Қайрат Тұрлыханов өзінің бір сұхбатында осы оқиға жайында былай деген еді: «Филимоновтың Афинадағы табысына қатты қуанғанымыз рас. Бірақ бұл нәтижені қанағат тұтуды қисынсыз көрдік. Осылай кесіп айтуға бірнеше себеп бар. Біріншіден, Қазақстанда жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бұрын да болған. Екіншіден, бізде талантты жастар жетерлік. Үшіншіден, республикамызда спортты өркендету үшін мемлекет тарапынан барынша қолайлы жағдай жасалған. Ал олай болса, тартынатын несі бар?! Мемлекет басшысының өзі қамқорлық көрсетіп отырса, біздің жалғыз ғана жүлдені місе тұтып, қол қусырып отырғанымыз жөн бе? Осының барлығын қаперге алып, алдымызға биік мақсат қойдық. Ал Афина Олимпиадасы аяқталатын күні сол кездегі еліміздің спорт басшысы Дәулет Тұрлыханов Энвер Түркілеримен келіссөз жүргізді. Талай жұлдыздарды тәрбиелеген бапкерді Қазақстанға шақыртты. Алғашында ол кісі біраз уақыт ойланып-толғанып жүрді. Біздің елге бір-екі мәрте келіп, дарынды жастардың көптігі мен спортты дамытуға барлық жағдай жасалғанына көз жеткізгеннен кейін ғана өз келісімін берді».

Энвер Түркілери Қазақстанға келген кезден бастап, отандық ауыр атлетикада өрлеу кезеңі басталды. Алдымен асқан талант иесі Илья Ильиннің бағын ашты. 17 жасында ол әлем чемпионы атанса, 20 жасында Олимпиаданы ұтты. Бірте-бірте басқа да сайыпқырандар алысқа самғады. Ұлдармен қоса, қыздар да қарқынын күрт күшейтті. Әлем чемпионаты мен Олимпия ойындарында түрлі-түсті жүлделерді күреп алып, жер-жаһандағы озық командалардың қатарына қосылдық. Басқа да халықаралық және құрлықтық деңгейдегі додаларда дараландық. Әр жыл сайын су жаңа чемпиондар бірінен кейін бірі шығып жатты. Байрақты бәсекелерде мүйіздері қарағайдай мемлекеттердің талайы артымыздан сығалап қалды.Міне, Энвер Түркілеридің тұсында Қазақстанның ауыр атлеттері осындай орасан зор биікке жетті. Өзі жиі сырқаттанып, балдаққа сүйеніп жүрген кезінің өзінде де үнемі жаттығу залынан табылатын. Үнемі ізденіс үстінде еді. Ғылым мен спортты ұштастыра білген маман қазақ жастары арасынан да небір дүлдүл спортшыларды шығарды. Алмас Өтешов, Қуаныш Рахатов, Анна Нұрмұхамбетова, Жасұлан Қыдырбаев, Жазира Жаппарқұл, Рүстем Сыбай және тағы басқа отандастарымыз аса ірі халықаралық жарыстарда жасындай жарқылдағанына сан миллион жанкүйер куә. Олар да әлемдік ауыр атлетика тарихында өшпес із қалдырды. Міне, сол абыз ақсақал 79 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!