Қазақстан құрамасының қақпашысы, Атырау қаласының тумасы Темірлан Анарбеков мансабын Түркияның топ-клубтарының бірінде жалғастыруы ықтимал. Бұл туралы белгілі түрік скауты Али Эмре мәлімдеді деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Маманның айтуынша, егер «Фенербахче» клубының негізгі қақпашысы Ирфан Джан командадан кететін болса, оның орнын басатын басты үміткер ретінде дәл Анарбеков қарастырылып отыр. Али Эмре 22 жастағы голкипердің әлеуетін жоғары бағалап, оны қазіргі таңда Чемпиондар лигасындағы ойын сапасы бойынша ең үздік үш қақпашының қатарына қосты.

Скауттың пікірінше, Темірланның алаңдағы сенімді ойыны, реакциясы мен тактикалық сауаттылығы еуропалық клубтардың назарын аудартып отыр. Қазіргі таңда Transfermarkt порталы қақпашының трансферлік құнын 400 мың еуро деп көрсеткенімен, футбол сарапшылары оның шынайы бағасы әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады.

Айта кетейік, Темірлан Анарбеков соңғы маусымдарда тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, Қазақстан құрамасының негізгі ойыншыларының біріне айналды. Оның Түркия чемпионатына ауысуы отандық футбол үшін үлкен қадам болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!