Мәнерлеп сырғанау ерекше спорт. Көп адамның жүрегі дауаламағанмен көпшілікті көзі қызығарлық деңгейі бар. Сыр елінің тумасы, жерлесіміз, Элизавет Тұрсынбаеваның жетістіктері де талай рет Қазақстан қоржынына жүлде салды.

Өңірде осы спорт түрінен тағы бір буын өсіп келеді. Ол – Темірлан Якияев. Ол жуырда ғана Өскемен қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан жастар арасында Казақстан Республикасының чемпионатында топ жарды.

Бұл жарысқа еліміздің 10 облысынан 100-ге жуық спортшы қатысқан болса, соның ішінде Темірланның бағы жанды.

– Мұз үстінде сырғанап өнер көрсету менің бала күннен келе жатқан арманым. Осы спорттағы алға қойған мақсаттарым ретімен орындалып келеді. Ел біріншілігінің жеңімпазы атану мен үшін үлкен мақтаныш. Ендігі жерде қысқы Азия ойындарын, Әлем чемпионаттарын бағындырғым келеді, – деді жас спортшы.

Ал жаттықтырушысы Манас Бекташев оның табандылығына таң қалатынын жасырмады.

– Шынында оның осы спортқа деген ынтасы, қызығушылығы ерекше. Соның арқасында болса керек бүгін жеңімпаз атанып отыр. Мен онымен мақтанамын. Алда талай жетістікке жететініне сенемін, – деді бапкер.

Жас спортшының мәнерлеп сырғанаудағы мансабына сәттілік тілеп, ел атын шығарсын деген тілек білдірдік.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!