Теннистен Дэвис кубогының жеребесі Испанияның Малага қаласында тартылып, құраманың қарсыластары анықталды. 14-18 қыркүйегінде Шотландияның Глазгосында жалауы желбірейтін жарыста Қазақстанның теннисшілері D тобында өнер көрсетеді. Қарсыластарымыз – Ұлыбритания, АҚШ және Нидерланд құрамала Ендешеры.
Жоғарыда аталған командалардың барлығы да азулы. Мәселен, АҚШ Дэвис кубогын 32 мәрте олжалады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дәл осындай табыспен бірде-бір мемлекеттің теннисшісі мақтана алмайды. Америкалықтар соңғы рет 2007 жылы осы турнирде топ жарды. Қазіргі кезде АҚШ-тың ең мықты теннисшілері деп Тэйлор Фритц пен Райли Опелканы атауға болады. 24 жастағы Фритц әлемдік рейтингте 13-орынды иеленуде. Кезінде жасөспірімдер арасында әлемнің бірінші ракеткасы атанған Калифорния штатының тумасы биыл Аустралияның ашық біріншілігінің төртінші кезеңіне жетіп, АТР турнирлерінде 13 мәрте топ жарды. Тэйлормен түйедей құрдас Райли 2021 жылы Мельбурндегі доданың үшінші айналымында сүрінді. Аса ірі халықаралық жарыстарда төрт рет жеңімпаз атанған Опелка үздіктер тізімінде 17-орынды еншілеуде.
37 жастағы Джон Изнер жайында ұзақ әңгімелеуге болады. 15 жылдан аса кәсіпқойлар арасында табысты өнер көрсетіп жүрген Солтүстік Каролинаның саңлағы кезінде Уимблдонның жартылай финалында күш сынасып, АҚШ-тың ашық біріншілігінің ширек финалына шықты. АТР додаларында Джон 16 рет теңдессіз деп танылды. Бұл күндері Изнер дүниежүзілік рейтингте 25-орынды иемденуде. Сондай-ақ АҚШ-тың мына өкілдері «ТОП-100» теннисшінің қатарында: Фрэнсис Тиафо – 29, Томми Пол – 34, Дженсон Бруксби – 43, Маккензи Макдональд – 51, Маркос Хирон – 53, Максим Кресси – 65, Брэндон Накашима – 76, Денис Кудла – 84 және Стив Джонсон – 96.
Аталған жарыста 10 рет дара шығып, сегіз рет финалда өнер көрсеткен Ұлыбритания теннисшілері қазіргі кезде қарқынын біраз бәсеңдетіп алды. Олай деуге негіз, бұл күндері Тұманды Альбион елінің үш өрені ғана – «ТОП-100» теннисшінің қатарында. Солардың арасынан Энди Маррейді бөле-жара атап өтуге болады. 34 жастағы Глазгоның тумасы осыдан алты жыл бұрын әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Ол Уимблдонның екі дүркін жеңімпазы, АҚШ-тың ашық біріншілігінде бір рет бас жүлдені олжалады. Аустралияның ашық біріншілігінің финалына бес рет шықты. Ролан Гарростың ақтық сынында ойнады. Энди Олимпия ойындарының жекелеген сайысында екі рет алтын алып, жұптық бәсекеде күміспен күптелді. АТР турнирлерінде 46 рет қарсылас шыдатпады. Әйгілі спортшы 2012 жылы Британия империясының орденімен марапатталды. Кейіннен ауыр жарақат алып, біраз уақыт емделді. Бүгінгі таңда Маррей әлемдік рейтингте 81-орынды қанағат тұтуда. Британиялықтар соңғы рет Дэвис кубогын 2015 жылы олжаласа, сол жеңімпаз команданың сапында дәл осы сэр Энди Маррей де өнер көрсеткен еді.
Ұлыбритания құрамасы сапындағы тағы екі мықты ойыншы жайында айтар болсақ, олар – Кэмерон Норри мен Дэниэл Эванс. 23 жастағы Кэмерон ОАР-да туып-өскенімен, кейіннен Лондонға қоныс аударды. Бүгінгі таңда ол әлемнің 11-ракеткасы атанып отыр. Ал 31 жастағы Дэниэл үздіктер тізімінде 35-сатыға тұрақтады.
Дэвис кубогында Нидерланд құрамасы өзінің ең зор табысына 2001 жылы қол жеткізді. Сол кезде олар жартылай финалға дейін жеткен еді. Қалған турнирлерде ала-құла өнер көрсетті. Қазіргі кезде аталған мемлекеттің екі теннисшісі ғана «ТОП-100-дің» қатарында. Олар – Ботик ван де Зандшульп (40-орын) пен Таллон Грикспур (56-орын). Бірақ аса ірі халықаралық жарыстарда “қызғалдақтар елінің” өрендері ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жете алған жоқ.
Еске салайық, 2019 жылы Дэвис кубогының топтық сайысында Қазақстан құрамасы Ұлыбритания және Нидерланд теннисшілерімен шеберлік байқасқан еді. Сол жарыста жерлестеріміз нидерландтықтарды 2:1 есебімен ұтса, дәл сондай есеппен британиялықтарға есе жіберді. Ал америкалықтармен біздің жолымыз әлі бірде-бір рет қиысқан жоқ.
Өзге топтарда мына командалар өзара күш сынасады: А тобы – Хорватия, Италия, Аргентина және Швеция. В тобы – Испания, Канада, Сербия және Оңтүстік Корея. С тобы – Германия, Франция, Бельгия және Аустралия. Бұл бәсекелер Болонья (Италия), Гамбург (Германия) және Валенсияда (Испания) өтеді. Әр топтан үздік шыққан екі құрама 23-27 қараша күндері Малагада жалауы желбірейтін плей-офф сайыстарында бақ сынайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!