Ұлттық спорттың ұтымды түрі – тоғызқұмалақ. Әу баста бұл ойын «қойшылар ойыны» деп аталған. Оның өзіндік себебі бар. Көшпелі кезеңде қойды беткейге тастап, жерден ойын тақтасын әзірлеп ойнағаны тарихтың тамаша тәмсіліне айналған. Тағы бір себеп, ойынның әрбір жүрісі мен ұтыстарының малдың бағымы мен бабына негізделіп аталуында.

Мыса­лы, әр құма­лақты отаудан қозғарда «май жалаттым», «қой телідім», «сиыр желіндеді», «қосақ тіркедім» деген секілді мал шаруашылығына тән сөздер қолданылды. Әйтсе де уақыт пен заманның ілгерілеуіне қарай 10 ғасыр тарихы бар тоғызқұмалақ ойыны дамыды. Тақтасы ағаштан, металдан, сүйектен жасалып, енді тек қойшының ғана емес, бүтін қауымның ордада ойнайтын ойынына айналды.

Қазақстандықтар тоғызқұмалақ ойнағанда құмалақ түсетін шұңқырды «отау», құмалақ жиятын екі үлкен шұңқырды «қазан» десе, Қытай қазақтарында керісінше аталады. Жалпы тоғызқұмалақ ойлау жүйесін жүйелеуді мақсат етеді. Бүгінде ол ұлттық спорттың қатарына енді, жер-жерде жарыстар ұйымдастырылуда. Тіпті халықаралық деңгейде мәртебесі артып, көкжиегі кеңейді. Жыл сайын әлем және құрлық чем­пио­нат­тары өтіп тұрады. Жеңім­паздар да баршылық. Әмбеге аян өнерді өскелең ұрпаққа ұлықтап, кезең-кезеңге өтуі үшін тер төгіп жүр­ген жан­дар қан­шама?! Соның бірі – әлемнің 9, еліміздің 13 дүркін чемпионы Әсел Далиева. Аталған спорттың өрлеуіне атсалысып жүрген Әсел Егізбайқызы­нан мейрам қарса­ңында тоғыз­құма­лақ туралы қызық­ты дерек­тер­мен бөлісуді сұрадық.

– Дүниежүзінде тоғызұмалаққа ұқсас ойын көп. Олардың ішінде мангала, овари, калах ­түрле­рін жақсы білемін. Ойнап та жүрмін. Бірақ маған қатты ұнайтыны – овари. Бұл ойыннан бірнеше турнирге қатысып та үлгердім. Швейцарияның Лятурдепе және Фран­ция­ның Канн қала­сында өткен халық­аралық тур­нир­лер­де жүлделі орынға ие болдым. Тоғызқұ­малақ ойнай білетін адам бұл ойындарды тез әрі оңай меңгере алады. Себебі олар тоғызқұмалақ сияқты күрделі емес, ойын ережелері де жеңіл. Мен білетін ұлттық зияткерлік ойындардың ішінде ең күрделісі осы – тоғызқұмалақ. Себебі басқа ойындарда құмалақ немесе тас саны аз болады. Айталық, овари ойынында барлығы 48 тас, ал біздің тоғызқұмалақта 162 құмалақ бар. Қар­сы­лас­ты же­ңу үшін кем дегенде 82 құмалақ жинау қажет және басқа ойындардан негізгі ерекшелігі – «тұздық» ережесі. Бұл ереже басқа ойындарда мүлдем жоқ, – дейді спортшы.

Сон­дай-ақ тоғызқұма­лақтың дамуы­на өлшеусіз үлес қосқан маман­дардың да еңбегін бағалағанымыз жөн. Елдегі тоғызқұмалақтың алға жылжуы Еркетай Иманбайдың еселі еңбегінің арқасы. Еркетай Әлекенұлы  – Әсел Дәлиеваның, әлемнің 3 мәрте чемпионы Хәкімжан Елеусіннің, әлем чемпио­натының 2 дүркін күміс жүлдегері Фарида Әуесбаеваның, Қазақстан конфедерациясы кубогының жеңімпазы Төлеген Құлышевтың және басқа да мықты спорт­шы­лар­дың жат­тықтырушы­сы. Тоғыз­­құмалақтың компьютерлік бағдар­ламасын жасап, 4 адам ой­най­тын тақта ойлап тауып, «Құма­лақ санау жүйесі» атты ғылыми еңбек жазған маман. Ол «Еуропа елдерінің  тоғызқұмалаққа бекерден бекер аңсары аумағынын білеміз» деген пікірде. Өйткені тоғызқұмалақ адамға сабырлықты, қайсарлықты, тәуекелшілдікті, шыдамдылықты, әрқашан да дұрыс шешім қабылдауды, сондай-ақ алға мақсат қоя білуді және соған жетуді үйретеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!